Елімізде жол саласына қажетті маман тапшы

Елімізде жол саласына қажетті маман тапшы. Ұлттық сапа орталығының мамандары осылай деп отыр.

Орталық қызметкерлерінің айтуынша, әсіресе, Түркістан облысында құрылыс инженерлері, геодезия, картограф, механик, дизайнер, метеоролог, сметашы және зертханашылар жетіспейді. Сондықтан мамандар осы мәселені шешу үшін «1000 мектеп» жобасын қолға алып, мектеп бітіруші түлектерге кәсіби бағыт-бағдар беруді бастаған.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Бибіш Айтбекова – 11 сынып оқушысы. Биыл мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам баспақ. Алайда мамандық таңдау да әлі бір байламға келе алмаған. Мың толғанып, қандай мамандықты таңдарын білмей жергенде Ұлттық сапа орталығының мамандары ой салыпты. Бүгін бір шешімге келген бойжеткен болашағын жол саласымен байланыстыратынын айтады. Себебі бұған дейін ол жол құрылысы тек ер азаматтар ғана тән жұмыс деп келген.

Бибіш Айтбекова, А.Байтұрсынов атындағы №1 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы:

- Көшеден көреміз, ер адамдар ғана жұмыс істейді деп ойласақ, әйел адамдардың да жұмыс істеуге мүмкіндігі бар екен. Жұмыс түрлі сатыға бөлінеді екен. Зертханалар бар екен. Мен де осы мамандықты таңдаймын деп шештім.

Жол құрылысы саласында инженерлер, геодезия, картограф, механик, дизайнер, метеоролог, сметашы және зертханашы мамандар тапшы. Ұлттық сапа орталығының мамандары: «қажетті кадрларды бүгіннен бастап дайындамасақ, ертең маман таппай қаламыз» дейді.

Сондықтан олар осы мәселені шешу үшін «1000 мектеп» жобасын қолға алған. Орталық қызметкерлері мектептерді аралап, оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар беруді бастапты. Мектеп бітіруші түлектерге мамандықтың маңыздылығын мен қоғамдағы қызметін түсіндіруде.

Зайра Шаймұратқызы, Ұлттық сапа орталығының құрылыс инженері:

- Айтамыз ғой, «қазіргі салынып жатқан жолдың бәрі нашар» деп. Ол тек материалға байлансты емес, салып жатқан маманның біліктігіне де байланысты. Қазір ауылда жұмыс жоқ, жұмыс болмаған соң жолға жұмысшы болып кіреді. Жолды қалай болса, солай салады. Сондықтан білікті маман қажет бізге.

Өңірде жол құрылысының көлемі жыл сайын артып келеді. Білікті мамандардың да жалақысы көтерілуде. Ең төменгі санаттағы зертханашылардың өзі айына 200 мың теңге табыс табады. Бірақ жоғары жалақыға қарамастан, жол құрылысына қажетті мамандар тапшы. Сарапшылар инновациялық технологияларды қолдана алатын жас мамандарды тарту арқылы жағдайды өзгертуге болатынына сенімді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы