Аягөз шаһары күл-қоқыстан қашан тазарады?

40 мыңға жуық халқы бар Аягөз шаһары соңғы жылдары күл-қоқыстан көз ашпай келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы жұмысты реттеуге жауапты бірнеше мердігер мекеме банкротқа ұшыраған. Өйткені тұрғындармен келісімшарт жасау көрсеткіші төмен, техникалары аз.

Ал биыл тұрмыстық қалдықтарды шығару және өңдеумен жаңа компания айналыспақ. Қала әкімдігі мен қарапайым халық бұл кәсіпорыннан зор үміт күтіп отыр.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Мынау – қала орталығындағы Шаңтимесов көшесіндегі жағдай. Біраз уақыттан бері жиналып қалған күл-қоқысқа енді ғана трактордың күрегі тиіп жатыр. Тұрғындар осы мәселенің түйткілге айналып, ушығып тұрғанына қапалы.

Серікқали Еңсебаев, Аягөз қаласының тұрғыны:

- Қазір немене, айғай-шумен шығып келе жатыр. Ешкімге керегі жоқ. Келеді уәде береді, «ойбай ертең жасаймыз, қатырамыз» деп. Аллаһу әкбар, сонымен. Жабайы капиталистер ғой, ұқпайды ананы қалай жасау керек. Оған бір күндік пайда көріп қалу керек, ертеңгі күн керегі жоқ оған. Келісімшарт жасасын, айына қанша, сонысын төлеп отырамыз, «ай жерге төле дейді сонда апарып төлейміз, квитанцияны береді болды. Адал жұмыс болады ғой.

Жәния Жетпісбаева, Аягөз қаласының тұрғыны:

- Осы жерде тұрғаныма 6 жыл болды. Мен көшіп келгелі мына жердегі қоқыстан қанша халық зардап шегуде. Оны әкеліп контейнер ішіне де салмайды, әкеледі де, далаға лақтыра салады. Қапқа салып, есігіміздің алдына жинап қоятынбыз. Келіп алып кететін жинап машинамен. Сол дұрыс негізі. Әркім өзінің есгінің алдына жинасын қоқыстан. Келіп алып кететін машина шығарып берсін, болды. Мына жерге әкімшілікке өтініш те жаздық, айттық та, балаларға ойнайтын алаң салып беріңіздерші дегенбіз.

Былтыр қала тұрғындарының тек жартысына жуығы ғана мердігер мекемемен келісімшартқа отырыпты. Ал көбі атқарылған қызметке төлем жасаудан қашқақтайды екен. Төлем жасалмаған соң қызмет сапасы да төмендей берген. Ал жақында өткен байқау жеңімпазы бұл олқылықтың барлығын орнына келтіріп, кемшілікті жоюға бел буған секілді. Енді сәуірдің 1-інен бастап жаңа компания іске кіріседі.

Еркін Түсіпов, Аягөз қаласы әкімінің міндетін атқарушы:

- Конкурс құжаттарына сәйкес бұл мекемеде былтырғы жылғы мекемемен салыстырғанда техникалары едәуір көп және де қазіргі қойып отырған жоспарлары бізге ұнады. Өйткені үлкен қаладағылардай тұрмыстық қалдықтар бөлек-бөлек жинайтындай барлығын реттеп келтіріп, қазіргі заман талабына сай келтіруге ықпал еткізіп жұмыс жасап отырғаны бізге көңілімізді көншітіп отыр.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Жаңа мердігердің алдыға қойып отырған жоспары көп. Солардың бірі – тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін кәсіпорын салу. Болашақта осы маңда мына тау болып үйіліп жатқан күл-қоқыстарды кәдеге жарататын жаңа зауыт салынбақ.

Тағы бір тың жаңалық, биыл Аягөз көшелеріне 250 бейнебақылау камерасы орнатылады екен. Бұл күл-қоқысты заңсыз төгу фактілерін азайту ғана емес, жалпы қылмыстық ахуалды төмендетеді деп есептейді мамандар. Ал әзірге шағын шаһардағы басқа жерді айтпағанның өзінде полиция басқармасының дәл алды бейберекет көріністен көз ашар емес.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы