Оралда 117 отбасы қоныс тойын тойлады

9 қабатты жаңа үй Наурыз мерекесі қарсаңында пайдалануға беріліп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл қалада 10 көп қабатты үй салынады. Үш үйдегі пәтерлер кезекте тұрған және әртүрлі әлеуметтік санаттағы тұрғындарға беріледі. Апатты деп танылған үйлердің орнына 2 көп қабатты баспана бой көтермек. Жыл соңына дейін жергілікті құрылыс кәсіпорындарының қаражаты есебінен 30 шақты көп пәтерлі үй салынады. Айта кетерлігі, шаһарда пәтер құны шарықтап барады. «Бұған тұрғындардың баспана алуға зейнетақы қорындағы жинақ қаржысын пайдалануы басты себеп», - дейді мамандар.

Айсұлу Шайхиева, қала тұрғыны:

- Көп жыл пәтер жалдап тұрдым. Енді осы қуанышқа жетіп жатырмын, 2 бөлмелі, 63 шаршы метрлі үйге қолым жетті. Іші бәрі жақсы, ыстық су, салқын су келіп тұр. Айналасында спорт алаңдары бар, балалар ойнайтын, машина қоятын жер, дүкендер бәрі қасымызда, өте қуаныштымыз.

Абат Шыныбеков, қала әкімі:

- Құрылыс жұмыстары осы Зачаган кентіндегі және қаламыздың солтүстік-шығыс аудандарында жүзеге асырылып жатыр. Одан басқа биыл тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында «Ақжайық» шағын ауданындағы құрылыс жұмыстарын да осы бірінші жартыжылдықта бастайтын боламыз. Мұның барлығы тұрғындардың тұрғын үйге деген қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған басты бағыт деп түсінеміз.

 

Сондай-ақ...