Қазақстандық домбырашылар Ұлыбританияда өнер көрсетеді

Қазақтың қанымен біте қайнасып келе жатқан күй өнерін қазіргі заманға сай дамытып жүргендер бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың бірі – Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз. Ұлттық аспапты күллі жаhaнға танытып жүрген өнерпаздар Golden Time Talent шоуына шақырту алды.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- Домбыраның құлағында ойнап жүрген Темірлан мен Ернат 30-дан астам мемлекетте өнер көрсеткен. Олар 2018 жылы Голливудтағы байқауға алғаш рет қатысып, алтын медальды олжалады. Енді мамыр айында өтетін әлемдік додада қоңыр үнді домбырамен қазақ мәдениетін кеңінен таныстырамыз деп отыр.

Темірлан Олжабай, домбырашы:

- Қатысқан 72 мемлекеттің арасынан домбырамен алтын медальға ие болдық. ЮНЕСКО құрамынан шақырту келді. Golden Time мамыр айында өтеді. Конкурс 3 кезеңнен тұрады. Өзіміздің күйлерден попурри ойнап, авторлық шығарма және гала-концерт эфирге шығатын болады.

Қос ішекті, көп пернелі музыкалық аспапты қазіргі заман ағымына сай танытуды көздеген дует 2017 жылы құрылған. Олар I'm a Singer байқауында Димаш Құдайбергенмен бірге өнер көрсетті. Сол жылы Ригадағы халықаралық байқауда 50-ден астам қатыстушыдан озып, бас жүлдеге ие болды. Талант иелерінің айтуынша, ұлттық аспапты жан- тәнімен сезіну, оның үнін бойға билете білу маңызды.

Темірлан Олжабай, домбырашы:

- Продюссеріміз жоқ. Ол маған, мен оған продюссер. Ата-анамызға алғыс айтамыз. Ұлыбританияда өтетін конкурс дауыс берумен болуы мүмкін. Домбырамызбен бұйыртса, топ жарып шығуға тырысамыз. Заманауи шығармаларды өзіміз шығарамыз.

Ернат Наурыз, домбырашы:

- Францияда, Еуропада жеке концерттерімізді қойып жүрміз. Біздің ұлттық өнерді әлемге таныстыру – басты мақсатымыз. Барлық әлемде қазақтың домбыра мектебі болса екен деген арманымыз бар.

Қасиетті қара домбыраның үнін әлемге сан мәрте паш еткен талант иелері Ұлыбританияға ерекше туындымен бармақ.

Олар 20 мемлекеттен келген өнерпаздармен бақ сынасады. Еліміздің даңқын шекара асырған өнер иелеріне сәттілік тілейміз.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Ержан Рахманбердиев