Алматыға кіреберістерде жаңарған экопосттар жұмыс істей бастайды

Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары кезінде газанализатормен және түтін өлшеуішпен жабдықталған Құлжа трактісі бойындағы посттың дайындығын тексерді.

Алматы әкімі Б.Сағынтаев Instagram-аккаунтындағы 19 посттың орнатылатыны, оның екеуінің осы күндері жұмыстарын бастайтыны туралы айтты, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Жұмыс сапарымен Құлжа тас жолында орнатылған жаңа экологиялық бекетке бардым. Мұнда көп компонентті газ талдағыштың көмегімен бензин және газбен жүретін көліктен шығатын улы газдың құрамындағы көмірсутегі, көміртегі оксиді, көміртегі диоксиді, азот оксиді, оттегі тексеріледі. Дизельді отынмен жүретін көліктердегі газдың түтіні де тексеріледі», – деп жазды Б.Сағынтаев.

Оның мәліментінше, қалаға кіре берісте барлығы 19 экопост жұмыс істейді. Жақында алғашқы екеуі Құлжа трактісі мен Бұқтырма көшесінде іске қосылады. Тестілік режимдегі тексеру кезінде түтіні нормадан асатын шамамен 5 мың жеңіл және 1 мыңнан астам жүк көлігі анықталды.

Жақында газ талдағышы мен түтін өлшегіші бар жылжымалы экопатрульдерді іске қосамыз.

Сондай-ақ барлық эко-бекеттерде ауа сапасын өлшеп, оның дерегін онлайн-карта мен LЕD-дисплейде көрсететін стансалар орнатылады.

«Бұл – қала экологиясын сауықтырып, атмосфераны ластайтын автокөліктердің үлесін азайтуға бағытталған», – деп атап өтті Б.Сағынтаев.

Бұрын хабарланғандай, экологиялық көрсеткіштерді бақылаудың онлайн картасы мегаполис тұрғындарына қоршаған ортаның жай-күйі туралы, оның ішінде атмосфералық ауаның сапасы туралы мәліметтерге кеңейтілген қол жетімділікті қамтамасыз етеді.

Жоба Алматының экологиялық жағдайы туралы барлык қолжетімді мәліметтерді біріктіретін динамикалық платформа болып табылады. Әр 20 минут сайын онлайн-бақылау станциялары ауа жағдайы туралы ақпаратты жүйеге жібереді. Станциялар атмосферадағы ластаушы заттардың көлемін, сондай-ақ ылғалдылық, температура, қысым, жел бағыты мен жылдамдығын өлшейді. Белгілі бір кезеңдегі орташа мәндер және орташа күндік белгіленген көлемде рұқсат етілген концентрация мәндері көрсетіледі.

Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан жобаның мақсаты – қарапайым азаматтарға, сарапшылар мен мамандарға онлайн форматтағы мәліметтерді беру. Сонымен қатар оларды талдау негізінде ауа сапасының және басқа параметрлердің өзгеруін болжауға мүмкіндік беретін мәліметтер базасы құрылады.