Алматыдағы ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайы жақсарып келеді

Апатқа ұшыраған Ан-26 әскери ұшағында болған екі азаматтың жағдайы әлі де ауыр деп бағаланып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен, оң өзгерістер байқалады.

Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.  Қазіргі уақытта екі азамат та №4 қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Олар апат болған күні бірден сонда жеткізілген болатын.

Айта кетейік, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ан-26 әскери ұшағы 13 наурыз күні кешке апатқа ұшыраған болатын. Нұр-Сұлтан қаласынан ұшып шыққан экипаж Алматы қаласының әуежайына жетпей құлап, өртке оранған. Апат себептері әзірге белгісіз. Әуе кемесінің ішінде 6 экипаж мүшесі болған. Апаттан 4 ұшқыш қаза тапты. Кеше Алматы маңындағы шекара авиациясы орналасқан Боралдай аэродромының аумағында қаза тапқан шекарашылармен қоштасу рәсімі өтті. Әуе апатының себебін анықтау үшін қазір оқиға орнында ведомствоаралық комиссия жұмыс істеуде.