Биыл Қарағанды облысында 174 елді мекенді су басу қаупі бар

Көктем келгелі бері арнайы штаб 24 сағаттық жұмыс режиміне көшкен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір суағарлар мен жеке сектордағы құбырлар тазартылып жатыр. Дайындық жұмыстары жүріп жатқан аймақтың бірінен арна тілшісі Дәуренбек Бағдәулетұлы тікелей байланысқа шыққалы тұр.

Диктор:

- Дәуренбек, дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр?

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Дәл қазір күн суық. Сондықтан жалпы жағдай тұрақты. «Алайда, айдың екінші жартысынан бастап күн жылына бастайды», - дейді синоптиктер. Ал, осы соңғы бір аптада 1,5 айлық қардың нормасы түскен. Бұл ТЖ мамандарын алаңдатып отыр.

Біз қазір жеке секторлардың бірінде тұрмыз. Мысалы мына үйде жалғызбасты зейнеткер тұрады. Әлбетте оның қар шығаруға мүмкіндігі болмаған. Сондықтан оған көмек көрсетіліп жатыр. Жалпы осындай жұмыстарға 7 мың адам мен 1,5 мың техника жұмылдырылады. Қазір менің жанымда облыстық ТЖ басқармасы басшысының орынбасары Ақылбек Ахметжанов тұр.

Ақылбек Ахметжанов, облыстық ТЖ басқармасы басшысының орынбасары:

- Былтыр облыс көлемінде су басу қаупі жоғары 33 елді мекеннің маңындағы су алаңдарының жиегін көтеріп, қауіптің алдын алу жұмыстары жүргізілген болатын. Сондай-ақ су арықтары мен каналдар тазартылған.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Еске салсақ, биыл облыс бойынша 170 елді мекенді су басу қаупі бар. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарын әсіресе, 70-ке жуық жол өткелі алаңдатып отыр. Сондықтан кешеден бастап барлық су тасу қаупіне қарсы құрылған штаб тәулік бойы жұмыс істеу режиміне ауысқан.