Алматы облысында 224 адамның еңбекақысы төленбеген

Алматы облысындағы өндірістік және құрылыс нысандарында еңбек еткен 224 адамның жалақысы төленбеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларға жұмыс берушілер маңдай терінің өтемақысы ретінде 63 млн теңгеден аса қаржы төлеуі тиіс. Баспасөз мәслихатын өткізген сала қызметкерлерінің айтуынша, берешегі ең көп «Мостоотряд» серіктестігі екен. Қапшағай қаласында тіркелген мекеме Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларымен қатар Қарағанды облысы құрылысшыларына 52 млн теңге беруі керек. Ал, «Еңбек-Жауғашты» кәсіпорны өз қызметкерлеріне 9 млн теңгеден аса қаржы аударуы қажет. Банкрот деп танылған «Экспресс көлік транс сауда» серіктестігінің берешегі 2 млн теңгеге жуықтаған.

Бауыржан Орманов, облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқармасының бөлім басшысы:

- Аталған мекемелер бойынша 12 тексеріс жүргізілді. 12 нұсқама берілді. Айыппұл 2,6 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Бүкіл құжаттар сот орындаушыларға жолданды. Бүгінгі таңда жұмыстар жүргізіліп жатыр.