Алматыда 6 мыңнан астам адам вакцина алды

Алматыда коронавирус жұқтырған 1 мың 200-ден астам адам ауруханаларда емделіп жатыр.

Жансақтау бөліміндегі 13 науқастың жағдайы ауыр. «Дегенмен өткен аптадағы көрсеткішке қарағанда қауіпті инфекцияны жұқтыру азайып келеді», – деді қаланың бас дәрігері Нариман Табынбаев.

Оның айтуынша, коронавирусқа қарсы вакциналау да жоспар бойынша іске асып келеді. Осы күнге дейін шаһарда 6 мың 225 адамға ресейлік екпе егілді. Соның 60 проценті медицина мамандары болса, қалғаны – педагогтар. Тәртіп сақшылары мен спортшылар осы қатарда. Бұған қоса басқарма басшысы сәуір айында қосымша 30 мың вакцина келетінін атап өтті.

Нариман Табынбаев, қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы:

– Алдағы уақытта отандық вакцина шығады деп үміттенеміз. Сонымен қатар елімізге Қытайдың, АҚШ-тың вакциналарын әкелу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұған қоса мамандар жүрегі мен бауыры ауыратын науқастарды вакцинациялау мәселесін талқылап жатыр.