Маңғыстау облысында шаңды дауыл ертең де болуы мүмкін

Маңғыстау өңірінде күндіз қатты жел тұрып, шаң-тозаң көтерілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төтенше жағдай департаменті желдің жылдамдығы секундына 22 метрге дейін жетуі мүмкін екенін ескертіп, кеше аймақ жұртшылығына хабар таратқан. Қазір облыс аумағындағы көлік жолдары ашық. Ақтау әуежайы қалыпты жұмыс істеп тұр. Әзірге тек Нұр-Сұлтаннан келетін әуе бортының кешігетіні жайлы ақпарат бар. Синоптиктердің болжауынша, апта соңына қарай күн суытып, қар аралас жаңбыр жаууы да ықтимал.

Наталья Бочкова, «Қазгидромет» РМК филиалының инженер-синоптигі:

–16-17 наурыз күндері аймаққа солтүстіктен келген суық циклон жалғасады. Бүгін желдің жылдамдығы кей жерлерде секундына 19 метрге дейін жетеді. Ертең 23-28 метрге дейін күшеюі мүмкін. Ауа температурасы түнде 5 градусқа дейін төмендейді. Күндіз 10-15 градус жылы болады. 18 және 19 наурызда жаңбыр жауып, соңы қарға ұласуы ықтимал. Қалың тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін.