Атырау облысында мал ұрлығы өршіп тұр

Әсіресе, түздегі жылқыға жаудай тигендерді ұстау қиын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл басынан бері мұнайлы өңірде мал ұрлығына қатысты 9 қылмыстық іс тіркелген. Оның ашылғаны – екеу ғана. Ұрылар Батыс Қазақстан облысына жақын жатқан ауылдарға өш. Шекара асырып әкеткен малдың ізіне түсуге тәртіп сақшылары дәрменсіз.

Ал мал иелері өздері іздеуге айдалада оққа ұшып жазым боламыз ба деп қорқады.

Индер ауданының тұрғыны Айтқали Жалиевтің үйірде жүрген 4 бас жылқысы бір түнде оққа ұшыпты. Екеуінің қарнын жарып, бас-сирағын сол жерге қалдырып, етін көлікке тиеп кетіпті. Ал мына бір сіресіп жатқан тайды ұрылар атып алғанымен, сол күйі қалдырған. Үйірден адасқан тағы бір байтал таңға жуық үйге жаралы келіпті. Өкініштісі сол, бұл бір ғана оқиға емес секілді.

Айтқали Жалиев, Атырау облысының тұрғыны:

– Қаңтар айының аяғына дейін екі бас жылқы кетті. Оны да атып әкеткен. Басы мен сирағы қалды. Соны таптық. Ал енді одан кейін осы ғой. Кеше телефонға хабарлама келді. Фотосын көргенде бірден таныдық.

Жыл басынан бері Индер ауданынан 15 адамның 30-ға тарта жылқысы қолды болыпты. Өздері іздегенімен күдік бар да, айғақ жоқ. Оңай олжаға құныққандар қасқырдан бетер қара малдың обал сауабына қарайтын емес. Тіпті желіні жетіп тұрған буаз биелерді бауыздап, ішін жарып, құлынын ақтарып кете берген. 

Амалы таусылғандар полиция бөлімшесіне арызданған екен. Бірақ көршілес екі облыстың тәртіп сақшылары бір-біріне сілтеп істі созып отыр.   

Қайсахан Ізбасов, Атырау облысының тұрғыны:

– «Алтын» шаруашылығы екі облыстың ортасында, шекарада тұр. Органдарға шағымданғанда, жылқының атылған жері – Орал облысының жері. Орал облысының иесі келсе жер біздікі, мал біздікі емес дейді. Іс содан жүрмей тұрып қалады. Бір Қазақстанда отырып, екіге бөлінеді деген болмайтын іс қой!

Сергелдеңге түскен мал иелері арыздарын кімге айтарын білмей дал болуда. Ал істі бір-біріне сілтеген Атырау мен БҚО-ның полиция департаменті малды жайылымға жіберген шаруалар өздерінен көрсін деп отыр.         

Гүлнәзира Мұхтарова, Атырау облыстық ПД баспасөз хатшысы:

– Малдарды өріске бақташысыз өз бетімен жіберген болса, бұл азаматтар жаңағы айтқандай әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408 бабына сай әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Облыс бойынша ұрлық Индер, Қызылқоға және Құрманғазы аудандарында өршіп барады. Полиция департаментінен білгеніміз, тек биылдың өзінде барымташылықпен айналысқан 27 күдікті ұсталып, 61 бас жылқы иелеріне қайтарылған. Алайда ұрылар айылын жияр емес.  

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин