Өскеменде қоғамдық көлік жетіспейді

Әсіресе, жаңадан бой көтерген шағын аудан тұрғындары автобусты 40 минуттан бір жарым сағатқа дейін күтуге мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал автопарк жетекшілері жолдағы қардың дұрыс тазаланбауынан кестеден кешігетінін айтады. Сол жолдың кесірінен автобустар да жиі сынатын көрінеді. Қазір қаладағы қоғамдық көліктердің 60 проценті ескі. Ал шаһар басшылығы тасымал саласына қатысты мәселе қашан шешілетінін нақты айта алмай отыр.

Балшық кешпес үшін қаланың шетіндегі  тұрғындардың  қолынан күрек түспейді. Соңғы 10 жылда Өскеменнің аумағы 2-3 есеге өсті. Есесіне ол жердегі халық инфроқұрылымның иігілігін әлі көре алмай отыр. Қыста сақылдаған сары аяз бен ақтүтек боранда сағаттап автобус күтуге мәжбүр.

Рая Жұмажанова, қала тұрғыны:

– Кешке жақын мүлде жүрмейді. КШТ-ға дейін жетіп аламыз. Одан бері қарай әрең келеміз.

Болатхан Ойкенов, зейнеткер:

– Қазір эпидемия. Бәрің арақашықтық сақтаңдар дейді. Арақашықтық сақтамақ түгілі қалбырдағы балық құсап жүреміз. Дұрыс емес.

Дұрыс емес екенін қала билігі де біледі. Алайда аялдамның қарын шығарып, жолға жарық тартуға пәрмен болғанмен дәрмен жоқ. Сондықтан шыдамы шегіне жеткен тұрғындар коммуналдық салаға жауапты бөлім басшыларына мәселені төтесінен қойды.

Зейнеп Естенова, зейнеткер:

– Мына жерден түсеміз автобустан. Әрі қарай жүрейік десек, қараңғы. Сонда біз таксимен жүрсек, зейнетақымыздың бәрі таксиге кете ме?

Қоғамдық көліктерге қатысты мәселе бір күнде ғана қордаланбаған. Қазір шаһарда тасымал саласымен негізінен ірі үш автопарк шұғылданады. Алайда қоғамдық көліктердің көбі ескі. Автопарк басшылары автобустың қыста дұрыс жүрмеуін ауа райынан көріп отыр.

Евгений Клейн, автопарк директоры:

– Негізгі жолды айыптағанда автобустар тоқтайтын ең соңғы аялдамалар мүлде тазаланбайды. Осының кесірінен жүру кестесі бұзылады. Ал ең негізгі проблема – автобус жүргізушілерінің тапшылығы. Қазір бізде автобус тізгіндеп жүргендердің ең жасы 50-ден асып кеткен.

Облыс пен қала басшылығы автопарктерді жаңартуды талай жылдан бері жоспаралап келеді. Бірақ нақты нәтиже болмай тұр. Дегенмен биыл жаңадан 80 автобус алынуы мүмкін.

Әлібек Тұрсымбетов, қала әкімінің кеңесшісі:

– Қазір инвестор бойынша сұрақ бар. Қандай компанияға автобустарды өзінің теңгеріміне алып, қала бойынша қызмет жасайды. Сол мәселелер қарастырылып жатыр. Басты мақсат – қаладағы автопаркті жаңарту.

Автопарктің жаңаруына ұлық та, халық та мүдделі. Өйткені қазір қаладағы қоғамдық көліктердің 60 проценті ескі. Сондықтан жүруінен, тұруы көп. Бұл әсіресе шеткі шағын аудан тұрғындары үшін қиын болып тұр.

Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин