Шымкентте №3 өрт сөндіру бөлімінің ғимараты құлаудың алдында тұр

Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру қызметіне қарасты нысан шамамен 1950 жылдары бой көтерген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғимарат апатты деп танылса да мұндағы өрт сөндірушілер амалдап қызмет атқарып келеді.

Өрт сөндіру бөліміндегі әрбір техникалық көліктің жұмысқа қаншалықты дайын екендігі Қайрат Орынбасарұлының жеке бақылауында. Ол осында аға жүргізіші болып 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Қайраттың айтуынша, ғимараттың жайы өрт сөндіру техникаларына сай емес. Бір жағы мұндай апатты деп танылған жерде тәулік бойы жұмыс істеу кей кезде көңілге қорқыныш ұялатады дейді өрт сөндіруші.

Қайрат Құлтасов, №3 өрт сөндіру бөлімінің аға жүргізушісі:

- Қазіргі жаңа техникаларға сай емес деп айтсам болады. Себебі қаланың үлкейгеніне байланысты жаңа көліктер келіп жатыр. Жаңа ғимарат салынса деп күтеміз. Ол жеке құрамға да дұрыс болар еді деп ойлаймын.

№3 өрт сөндіру бөлімінің тарихы тереңде. 1938 жылы қалалық кеңестің қаулысы бойынша Түркістан көшесінде өрт сөндіру депосының құрылысына жер телімі бөлінеді. Содан кейін 50-жылдардың соңында өрт сөндіру бөлімі салынады. Ескі сәулет ғимараты апатты жағдайда және бұзылуға жатады деп сараптама қорытындысын алса да, әлі де жұмыс істеп тұр.

Нұрбек Байбосын, тілші:

- Ғимараттың алдыңғы бөлігі әлі күнге дейін сыртқы түрін сақтаса, ал артқы жағының келбеті мүлдем қорқынышты. Кейбір бөлмелердің терезелері жоқ. Ашық-шашық күйде. Негізінен бұл нысан 2001 жылға дейін өрт сөндірушілерге қалтықсыз қызмет етіп келіпті.

Аудан аумағы 0,33 га жер учаскесін алып жатқан №3 өрт сөндіру бөлімі қаланың орталық бөлігіне жауап береді. Қазіргі уақытта мұнда 6 бірлік техника мен жеке құрамда 62 адам еңбек етеді. Жаңа өрт сөндіру депосын бұзып оны қайта салу үшін жобалау-сметалық құжаттама дайындалғаны мен бірақ жер учаскесінің жеткіліксіздігінен мемлекеттік сараптамадан өтпеген.

Мадияр Жақсыбаев, қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

– Бұл жобалық-сметалық құжаттама қазір мемлекеттік сараптамадан өтуде. Бұдан әрі заң шеңберінде жаңа өрт сөндіру бекетін бұзуға және салуға қаржы бөлінеді. Яғни бұл жұмыстар осы жылдың соңында немесе 2022 жылдың басында жүзеге асады деген болжам бар.

Жылдың соңын немесе келер жылды күтіп жүргенде апатты ғимарат құлап құтқарушылардың өзіне көмек керек болмасына кім кепіл ?! Енді тек қызыл жалынға қарсы тұрушыларға әліптің артын бағып күту қажет.

Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов