Түркістан облысында құрылған жаңа ауданның құрамына 12 елді мекен кіреді

Түркістан облысында Сауран ауданы құрылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сауран ауданын құру туралы тарихи Жарлыққа қол қойды. Кезінде ірі сауда орталығы негізінде ашылып, Ақ орданың астанасы болған Сауран атауы өзінің тарихи мәртебесін қайта алды. Жаңа ауданның әкімшілік орталығы – Шорнақ ауылы болады. Кентау қаласының құрамында болған Шаға, Жаңа Иқан, Үшқайық сынды 12 ауылдық округ ауданға берілді.

Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ортағасырлық Сауран қаласының атауын жаңа ауданға беру – Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы елді қуантқан ерекше оқиға болды. Бұрын Түркістан, одан кейін Кентау қаласының құрамында болып, әрі-сәрі күй кешкен 12 ауылдық округтің тұрғындары тарихи жаңалықты шын ықыласпен қабылдады.

Сауырбек Әлжанов, Үшқайық ауылдық округінің ақсақалы:

– Біз бұл күнді бірнеше жылдан бері күткенбіз. Халқымыздың тілегін, өтінішін орындаған Елбасымызға, Президентімізге халықтың, елдің атынан мың алғыс! Туризм саласын дамытуға тамаша мүмкіндік болып тұр. Киелі Сауран қамалы болған. Келетін туристер барады. Жолдың бәрі абаттанады. Тамаша жағдай болады. Қазіргі жастардың ауылдан кетіп жатқаны тоқтайды. Жұмыссыз жүргендерге жұмыс болады.

Жаңа ауданның құрылуы – біріншіден, аудан құрамына кіретін елді мекендердегі мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырады. Екіншіден, өңірдегі әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуға, жаңа жұмыс орындардың ашылуына жол ашады. Ең бастысы, ауыл шаруашылығы саласын қарқынды дамытуға мүмкіндік болады дейді Сауран ауданының құрамына енген ауылдық округ әкімдері.

Сыздық Пірметов, Ораңғай ауылдық округінің әкімі:

– Аудан болғаннан кейін ауыл шаруашылығына көп көңіл бөледі. Себебі шаруалардың тірлігі көп, су шаруашылығы, несие жағдайы бар. Солар оң шешіледі деген шаруалардың үміті көп.

Айдос Байжанов, Шаға ауылдық округінің әкімі:

– Сауран ауданы тоғыз жолдың торабында орналасқан. Болашақта экономикалық, стартегиялық базасы, одан қалса, туристік кластер дамиды. Ілгері де Түркістан және Сауран қалалары қатар дамыған қалалар, себебі Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан.

Қуанышты жаңалықты аудан халқымен бөліскен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңа ауданның әкімшілік орталығы болып Шорнақ ауылы бекітілгенін жеткізді.

Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімі:

– Бұл өз кезегінде елді мекеннің аудан орталығы ретінде дамуына жаңа серпін береді. Келешекте аудан орталығына қажетті жаңа нысандар салынып, тиісті көңіл бөлінеді. Құрамына 12 елді мекен кіретін жаңа ауданның халқының саны 100 мыңнан асады. Жалпы аумағы 650 мың гектар жерде орналасқан ауданның барлық салада қарқынды дамуы үшін тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Өңір басшысының айтуынша, барлық әкімшілік, әлеуметтік нысандардың құрылысы алдағы 1-2 жылдың ішінде аяқталып, пайдалануға беріледі. Әзірге мемлекеттік органдар мен әкімдік қызметкерлері уақытша жекелеген нысандарды жалға алып, жұмыс істейтін болды. Ал жаңа ауданның әкімі кім болары әзірге белгісіз.

Жандос Жұмабек, Ерболат Нағашбекұлы, Самат Нағашбекұлы