Аягөзге қарасты Мыңбұлақ ауылының халқы сапалы ауыз суға жарымай отыр

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданына қарасты Мыңбұлақ ауылының тұрғындары сапалы ауыз суға жарымай отыр. Бірнеше жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама бойынша жобалық-сметалық құжат жасалып, орталықтандырылған су жүйесі тартыла бастаған. Дегенмен, әртүрлі себептермен жоба аяқсыз қалды. Қазір 500-ден астам халыққа ауылдағы 6 құдық тек бірнеше сағат қана жұмыс істеп тұр. 

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Осыдан 2 жыл бұрын мемлекеттен қыруар қаражат бөлініп, орталықтандырылған су жүйесі тартылады дегенде ауыл тұрғындарының қуанышында шек болмаған еді. Алайда ол қуаныш ұзаққа созылмады. Жоба аяқсыз қалды, мердігерлерден мұра болып мынандай шеңберлер қазір көшелерде қаңтарылып жатыр. Әзірге тұрғындар 50 жыл бұрынғы ескі құдықтардан су ішіп отыр.

Солтанғазы Тоқажанов, мыңбұлақ ауылының тұрғыны:

- 12 жарымда қосамыз, 1-де өшіреміз, бір-ақ уақыт қосамыз. Өйткені мынау үлкен насос тереңге арналған 200 мың тұра ма өзі, содан кейін жанып кетсе тағы сусыз қаламыз ба деп қорқамыз, тек бір уақыт қосамыз. Cу мәселесі өте ауырлау енді, свет болмаса мынада су жоқ болып қалады. Свет аяқ астынан өшіп қалса, қатты жел болса свет өшсе, мында су жоқ, халық отырып қалады. Жазда енді бірдеңе салады ғой үйдің қасына, анау-мынау, ұсақ-түйек тірліктің көзі ғой оның бәрі.

Солтанғазы ақсақал құдықты қосып, өшіру жұмысын өз мойнына тегін алған. Яғни оған жалақы төленбейді. Өйткені ауылдағы тіршілік нәрі ағып тұрған 6 құдық ешкімнің теңгерімінде жоқ. Халық өз күшімен ұстап отыр. Ауыл әкімі де ел игілігі үшін өз қаражатына бір құдықты жөндеп қойыпты. Мұның бәрі амалсыздықтан дейді тұрғындар.

Дулат Бейсенов, Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі:

- Бұл құдықтың өзі үлкен болған, сонан кейін қабырғасы кетіп бара жатқаннан кейін біз ағамыз екеуміз келіп, бұзып кішірейтіп жасатып, осы маңайдағы көрші қолаңдар осы жерден су алады. Су жақсы, таза өмірбақи осы жерден су ішіп жатырмыз. Автомат бәрін өз күшімізбен жасаймыз. Насосы жанып кетсе, оны да өзіміз сатып аламыз. Алматыдан, Семейден алып келеміз.

Мамырбек Барышев, Мыңбұлақ ауылының тұрғыны

- Осы суға тауба дейміз, неғұрлым су тартылғаны, әр үйде болғаны дұрыс қой. Шама келгенше тасып жатырмыз үйімізге, сол тезірек үйлерге тартылса дейміз суымыз.

Ал ауыл шетінде тұратын Тілеуғазы Жеткеев болса қыс ішінде омбы қармен алыстан су тасу оңай болмағандықтан өз ауласынан құдық қазып алыпты.

Тілеуғазы Жеткеев, Мыңбұлақ ауылының тұрғыны

- Біз енді анау 500 метрден таситынбыз бұрын. Биыл қысылған соң былтыр көктемде қазып алдым осыны. Қолмен қаздым 20 метр жерден, трубамен сол арқылы қазып су шығарып алдық. Бары сол енді бұрынғы қазылған құбырлар жатыр сол күйі. Білмейміз, таза ма әйтеуір ішіп жатырмыз. Енді бізге ел сияқты үйге су кірсе деп ойлап тұрмыз. Бұрын қазып өткен суды қайтадан жасап берсе соны.

Медет Мырзыкешев, Аягөз ауданы әкімінің орынбасары:

- Мыңбұлақ ауылдық округі бойынша айтатын болсақ, онда мердігер компания жауапсыздығық танытып, шартты бұзған болатынбыз. Ендігі жерде сол жұмыстарды қайтадан жалғастыру мақсатында арнайы мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Ол жұмыс мердігер анықталғаннан кейін биыл аяқтау көзделуде. Тұрғындар тарапынан түскен сындар бәрі ескерілетін болады. Болған кемшіліктердің бәрін жойып, қайтадан жұмыстар жасайтын боламыз.

Бұрынғы мердігер жоба бойынша тартылуы тиіс 14 шақырымның тек 9 шақырымына құбыр салған. Оның өзі сапасыз әрі уақытынан кешіккенін айтады тұрғындар. Ал жергілікті атқамінерлер биыл осы олқылықтың бәрін орнына келтіріп, ауылды сапалы ауыз сумен қамтуға уәде беріп отыр.

Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы