Екі ай ішінде салықтық түсімдер бойынша жоспар 121,3%-ке орындалды

2021 жылғы қаңтар-ақпан айларында мемлекеттік бюджеттің салықтық түсімдер бойынша жоспары асыра орындалып, 1 391,2 млрд теңге болған.

Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

2021 жылғы қаңтар-ақпан айларында мемлекеттік бюджеттің салықтық түсімдер бойынша жоспары өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 12,2% немесе 194,2 млрд теңгеге төмендеумен 121,3%-ке орындалды (1 146,6 млрд теңге жоспар бойынша 244,6 млрд теңге асыра орындаумен 1 391,2 млрд теңге түсті), оның ішінде:

– Республикалық бюджет өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 18,5% немесе 194,0 млрд теңгеге төмендеумен 113,6%-ке (750,7 млрд теңге жоспар бойынша 102,2 млрд теңгеге асыра орындаумен 852,9 млрд теңге түсті) орындалды;

– Жергілікті бюджет 136,0%-ке орындалды (395,9 млрд теңге жоспар бойынша 142,4 млрд теңгеге асыра орындаумен 538,3 млрд теңге түсті), өсу қарқыны өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 100,0% құрады.

Республикалық бюджет жоспарын асыра орындауға әсер еткен негізгі факторлар:

– мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспар 35$ ставка бойынша салынды, мәселен биылғы қаңтар-ақпан айларында орташа ставка 55,2$ деңгейінде қалыптасты.

– 2020 жылғы 4-тоқсанында 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда негізгі экспорттық позицияларға, оның ішінде күміс 40,9%, алтын 26,4%, мыс 21,1%, уран 17,5%, мырыш 11,6%, темір рудасы (концентраты) 58,7% бағаның өсуі байқалады.