Елордада карантиндік шектеулерді бұзған төрт кәсіпкерлік нысан анықталды

Елордада карантиндік шектеулердің бұзылуын анықтау және жолын кесу жөніндегі мониторингтік топтар күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда.

Өткен тәулікте олар маска режимін және белгіленген жұмыс кестесін бұзған төрт кәсіпкерлік нысанын анықтады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Сарыарқа ауданының Оқжетпес көшесіндегі дүкенде мониторингтік топ қызметкерлердің маска режимін бұзғанын анықтады.

Сондай-ақ «Мята» лаундж бары түнгі сағат 12-ден кейін тамақтану орындарында шектеулерге қарамастан жұмысын жалғастырды.

Алматы ауданындағы «Атом» компьютерлік клубының жұмыс істеуіне тыйым салынғанына қарамастан заңды аттап, карантин тәртібін бұзды.

Байқоңыр ауданында орналасқан «Шашлыкофф» гриль барында да карантиндік шектеулердің бұзылуы анықталды.

Құқық бұзушыларға қатысты барлық материалдар кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органдарға берілді.

Естеріңізге сала кетейік, 10 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан эпидемиологиялық ахуалды бағалау бойынша «қызыл аймаққа» енді. Карантиндік шектеулерді бұзушылықтарды анықтау және болдырмау бойынша мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілген режимге ауыстырылды.

Жақында елорданың бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова Нұр-Сұлтанда карантиндік шектеулерді күшейту туралы қаулыға қол қойды. Оған сәйкес жексенбі күндері кәсіпкерлік нысандарының біразының жұмысына тыйым салынады. Құжат 18 наурызда күшіне енеді.

Ал 21 наурызда елордада локдаун енгізіледі.