Қоғамдық орынды ластаған ҚХР азаматына айыппұл салынды

2021 жылдың басынан бері Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері түрлі әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін 12 642 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты, оның ішінде ортақ пайдаланатын орындарды ластағаны үшін 611 адам жауапқа тартылды.

16 наурызда Атырау қаласының әуежайындағы Желілік полиция бөлімшесіне қала тұрғыны шағымданып келді. Оның айтуынша, әуежай автотұрағында белгісіз ер адам ортақ пайдаланатын орында темекі шегіп, темекі тұқылын жерге тастаған.

Көлік полицейлері түскен ақпарат бойынша жүргізген жедел тексеру және іздеу жұмыстары барысында құқықбұзушыны анықтап, ұстады. Ол Атырау – Алматы бағытындағы әуе рейсімен ұшпақ болған Қытай Халық Республикасының 56 жастағы азаматы болып шықты.

ҚХР азаматына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабының 1-бөлігімен, яғни ортақ пайдаланатын орындарды ластау бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, оған 5 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.

Көлік полицейлері Департаменттің жедел қызмет көрсету аумағында қоғамдық орындарда құқықбұзушылықпен күрес жүргізуді жалғастыруда. Тәртіп сақшылары үшін қоғамдық тәртіпті бұзатын және азаматтардың өмір сүру қағидаларына кері әсерін тигізетін ұсақ құқықбұзушылықтарды анықтаудың маңызы зор.

Ақпарат көзі: Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі