Жезқазғанда апатты үй тұрғындары берілетін өтемақы көлеміне келіспейді

Жезқазғанда баспана дауы басылмай тұр.

Қаланың бас жоспарына сәйкес алдағы бес жылда апатты және ескі 262 үй бұзылуы керек. Биылғы тізімге ең қауіпті деген 24 үй еніпті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пәтер иелеріне өтемақы төленуге тиіс. Бірақ тұрғындар бұл шешіммен келіспейді. Олар баспаналарының тым төмен бағаланып отырғанын айтады. Кейбірі тіпті үйлерінің апатты екеніне күмәнді.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Апатты 24 үйдегі 250 пәтердің қожайындарына өтемақы төлеу үшін биыл қалада төтенше жағдай жарияланып, қазынадан 1 миллиард 500 миллион теңге қаражат бөлінген. Енді тұрғындарға теңдей үлестіріліп берілуі тиіс. Бірақ жұрт «бұл аздаған ақшаға лайықты баспана ала алмаймыз» деп алаңдаулы.

Мира Мауленина, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Бір бөлме қазір 6-8 миллионға кетіп қалып отыр ғой Жезқазғанда. Біз қалай аламыз оны? 5 миллион да бермей тұр ғой бұл үйлерге бізге. Біз баламен далада қаламыз ба сонда?

Тұрғындар үйдің ескі екенін мойындайды, бірақ көпшілігі апатты деген шешіммен келіспейді. Себебі оны дәлелдейтін тиісті құжатты ешкім әкеліп көрсетпеген. Сондықтан жұрт көне баспаналарын «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы» арқылы жөндеп берсе дейді.

Әйгерім Аманова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Біздің үй апатты үй емес. Яғни, жөндеу жұмыстарын жасап берсін. Өйткені мына апатты үймен салыстырғанда біздің үй әлдеқайда жақсы. Подъезд бәрі жақсы. Біздің естуімізше, 3,5 миллион деп жатыр екі бөлмеге. Бұл 3,5 миллионмен бір бөлме де ала алмайсың мысалы.

Атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, өтемақы мөлшері әр пәтердің нарықтағы құнымен өлшенеді. Бірақ баспананы бағалау жұмыстары әлі басталған жоқ. Ол шаруаны атқаратын компанияны анықтау үшін жуырда тендер жарияланған. Дегенмен, ағаш үйлердің арзан болатынын жасырмайды. Ал пәтер орнына дәл сондай баспана беру мәселесі немесе жөндеп беру әу баста қарастырылмағанын кесіп айтты.

Алиса Сағымбаева, Жезқазған қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:

- Біз соған балама пәтер береміз деп айтқан жоқпыз. Себебі қалада бюджет тарапынан салынған үйлер, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйлерден апатты үй тұрғындарына үй беру көзделмеген. Сол себепті біз төтенше жағдай жариялап, пәтер иелеріне реквизиция жасап, компенсация төлейміз, осы жолмен жүріп жатырмыз.

Айта кету керек, бұзылатын 24 үйдегі 9 пәтер жекешеленбеген екен. Тек солардың тұрғындарына ғана мемлекеттік коммуналдық қордан басқа үй берілмек. Қазір босаған алғашқы үйді бұзу жұмыстары басталды.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Қаладағы апатты үйлердің барлығы дәл осылай сүрілетін болады. Бірақ әзірге бір ғана баспана бұзылып, тұрғындарына толық өтемақы төленді. Енді дәл осы орында жыл соңына дейін 5 қабатты жаңа үй бой көтеруі тиіс.

Жауапты мамандардың айтуынша, биыл қалада көп қабатты бес бірдей үйдің құрылысы басталады. Ал қаланың бас жоспарына сәйкес алдағы бес жылда апатты және ескі үйлердің барлығы бұзылып, орнына жаңасы салынуы керек. Ол жұмыс инвесторлардың есебінен жүзеге асады. Демек, тұрғындарға өтемақыны алғашқы жарнаға төлеп, сол баспаналардан ипотекаға пәтер алудан басқа амал жоқ. Ал олардың көпшілігі зейнет жасында немесе әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев