Өскеменде тасқынның алдын алуға арналған шаралар тәулік бойы жүргізіліп жатыр

Өскеменде су тасқынының алдын алуға арналған шаралар тәулік бойы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені қыс басында қар аз түскендіктен жердің тоңы 72 см, ал кейбір жазық алаңқайларда тіпті 100 сантиметрге дейін жетеді.

Енді онсыз да күрделі жағдай ушығып, қауіп күшейді. «Дегенмен барлығы да күн райындағы өзгеріске байланысты», - дейді мамандар.

Қазір Ахмер кентіндегі 2,5 шақырымдық арықты тазалау жұмыстары аяқталуға жақын. Егер бұл арық аршылмаса, таудан еріген қар суы 45 үйге жайылуы мүмкін. Максим Мешаевтың айтуынша, суағардың іші мұз бен қардан бөлек, тұрмыстық қалдықтармен де бітеліп қалған.

Максим Мешаев, учаске шебері:

- Бұл жерден тұрмыстық керексіз заттардың неше түрлісі жатыр. Оның барлығы қатып, семіп қалған. Сондықтан маңайдағы жұрт та бұған салғырттық танытпаса екен дейміз. Егер күн аяқ асты ысып кетсе, осының барлығы аққан суды бөгейді.

Арықты күл-қоқысқа толтырғандарды табу қиын. Дегенмен, тұрғындар «бұл жүйенің аршылғаны да дұрыс болды» дейді. Осылайша, ауданға жайылатын топан судың беті қайтады. Алайда ахмерліктер: «көшенің қақ ортасында ұзыннан-ұзақ қазылған ордан келер қауіп тасқыннан кем емес», деп алаңдаулы.

Гүлжан Бөлекбаева, Ахмер кентінің тұрғыны:

- Осы арықтың болғаны жақсы деп отырмыз, судың барлығы кішкене болсын толастады, дегенмен, осы арықтың бетін жауып, қауіпсіздік шарасын орнатса дейміз. Себебі бала-шаға өңкей ұсақ көп тұрады. Біреу болмаса, біреу осы арыққа түсіп өлсе, бізге кім жауапты, аналар кіналі ме, жоқ әлде әкімдік кінәлі бола ма?

Ахмер кенті сияқты қалада 11 орында тасқын қаупі бар. Барлығында қазір топан суға тосқауыл жасалған. Дегенмен, сала мамандары күн аяқ астынан күрт жылыса, жағдайдың әп-сәтте ушығуы әбден мүмкін екенін айтады.

Қаныш Мұқажанов, қала әкімінің бас инспекторы:

- Өте қауіпті енді қазір қар мол, асты қатып тұр, енді күннің жылынуына байланысты,егер жылынып, температура көтерілсе, онда өте қауіпті. Қала өзі тау арасында орналасқан. Он шақты жыл болды зерттеп отырғанымызға, тау баурайынан су мөлшері осы 20-ынан кейін, күн жылығаннан кейін жүреді.

Иә, шаһар тау арасында әрі ішімен ірілі-ұсақты 4 өзен, 6 бұлақ 25 шақты арна өтеді. Осы айдың соңы мен сәуірдің басынан бастап су деңгейі көтерілуі ықтимал. Мәселен Үлбідегі су деңгейі қазір секундына 15 текше метрге дейін көтерілсе, енді бір айдан соң бұл көрсеткіш 1000 текше метрге жетуі мүмкін. «Нағыз қауіп сол кезде төнеді»,- дейді мамандар. 

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов