Қ.Тоқаев: Алматыға жаңаша түрленген экономика керек

«Қастерлі Тәуелсіздігіміз Алматыда жарияланды. Бұл шаhардың тарихи рөлі айрықша. Қазір Алматы – экономикамыздың басты қозғаушы күші. Сонымен бірге мұнда бизнес саласы жақсы дамыған».

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мегаполисті дамыту жөніндегі ауқымды жиында осылай деді. Шаһарды үздіксіз дамыту бағытында тың тапсырмалар жүктеп, бағыт-бағдарын айқындады.

 Рауан Мыңбаев, тілші:

- «Алматы өмір сүруге қолайлы және жалпыға бірдей тең мүмкіндік беретін қалаға айналуға тиіс». Елдегі ең ірі шаһардың дамуына қатысты бүгін Президент берген тапсырманың бірі осы. Қалаға жаңаша түрленген экономика керек. Бұған алматылық жастардың озық ойы, тың идеясы көмек болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл мәселеде инноваторлар, жастар мен бизнес арасындағы тиімді қарым-қатынас маңызды рөл атқарады. Мұны дамыған елдердің тәжірибесінен көруге болады. Бұл жерде «велосипед ойлап табудың» қажеті жоқ. Краудфандинг, білім беру хабтары, бизнес-көмекшілермен арадағы арнайы инвестициялық кезеңдер сияқты технологиялар шетелде өздерін жақсы қырынан көрсетті. Жалпы әкімдіктерде жаңаша түрленген экономиканы дамыту жөнінде түсінік пен өзіндік көзқарас бар. Алматы қаласының тәжірибесін өзге өңірлерде қолдану қажет. Біздің жеріміз таланттарға бай. Жас орындаушылар, шығармашылық өкілдері аймақтық қана емес, әлемдік деңгейде де мойындалып жатыр.

Алматы – шағын және орта бизнестің де орталығы. Кәсіпкерлік кең етек жайған. Экономикасы соның арқасында қарқынды дамып келеді. Мұндайда бизнесті тежеу, бопсалау, рейдерлік сынды қылмыстардың жасалуы заңды құбылысқа айналған. Бірақ заң қатаң болып, тәртіп орнаса, жолын кесуге болады. Президент осындай іс-әрекеттерге қарсы заңнамалық топтамалар әзірленгенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Түпкі мақсат – заңдылық тұрғысынан бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы қатынастар моделінің мінсіз болуы. Сингапурды жетістікке жеткізген үлгіні алуға болады. Мүмкін емес нәрсе жоқ. Бәрі алға қойған мақсатқа жету жолындағы батылдыққа байланысты.

Елдегі көптеген ірі компаниялардың бас кеңселері Алматыда орналасқан. Инвесторлар қаржылық орталыққа жан-жақтан келеді. Олардың да жайы Президенттің айрықша назарында.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Инвесторлармен дұрыс қарым-қатынас мемлекеттік органдар үшін міндет болуға тиіс. Сондықтан құқық қорғау органдары мен басқа да өкілетті құрылымдарға инвесторлардың жұмысына негізсіз араласуға болмайтынын ескертемін.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы мен оның төңірегін дамытудың тағы бір маңызды бағыты ретінде туризм саласын атады. Президенттің айтуынша, соңғы 10 жылда мегаполиске өзге елден келушілердің саны үш есеге артқан. 2019 жылы бұл көрсеткіш 435 мыңға жетті. Ішкі туризм бойынша да оң өзгерістер көп. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру үшін Алматы қаласы мен Алматы облыс әкімдігі бірлескен агломерация бағдарламасын жүзеге асырады. Туризм дамыса, халыққа жұмыс та болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазіргі күрделі кезеңдегі біздің басты міндетіміз – жұмыссыздықтың күрт көбеюіне, жұмыс орындарының жаппай қысқаруына және тұрғындар табысының азаюына жол бермеу. Сонымен бірге іскерлік белсенділікті сақтау үшін бизнесті ынталандыру өте маңызды.

Алматы бірден Алматы болған жоқ, шаһар араға жылдар салып ірі мегаполиске айналды. Қаншама еңбек, қаншама тер. Дегенмен, жалпыға бірдей қолайлы қала болуына тағы бір мәселе кедергі болып тұр. Ол – мектеп пен балабақша тапшылығы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Былтыр екі-ақ жаңа мектеп бой көтерді. Бес мектептің жанынан қосымша ғимарат салынды. Орын саны бар-жоғы төрт мыңға көбейді. Сонымен бірге небәрі 670 орындық төрт балабақша ашылды. Екі миллион тұрғыны бар қала үшін мұның қай-қайсысы да жеткіліксіз.

Медицина саласы да ақсап тұр. Шаһардың денсаулық сақтау мекемелері пандемия кезінде бірқатар қиындыққа кезіккен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қалаға 300-ге жуық дәрігер қажет. Бұл өте көп. Егер Алматыда жағдай осындай болса, онда шет жатқан аймақтар туралы не айтуға болады?! Аталған жағдайды қаланың денсаулық сақтау басқармасындағы кадрлардың тоқтаусыз ауысуы ушықтырып жіберіп отыр. Онда жемқорлыққа қатысты заң бұзушылықтар орын алды. Қалай айтсақ та, денсаулық сақтау басқармасында тұрақтылық болған жоқ. Әкімдік бұл мәселелерді шешумен нақты айналысу керек.

Президент Алматының дамуы жөніндегі кеңесте тұтас елге қатысты вакциналау мәселесін қозғады. Республиканың барлық аймағында ахуал тұрақсыз. Тұрғындармен қоса, бизнес иелері де індеттен сақтануға мән бере қоймайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жоспар бойынша біз 6 миллионнан астам адамға вакцина салдыруымыз керек. Егер өз өндірісіміздің қуаты мен Ресейден әкелінетін вакцина жетпей жатса, онда нарыққа шығып, қажетті көлемді импорттау қажет.

Алматы – сейсмологиялық аймақта орналасқан. Бұл жайт – жер телімдерін үлестіру, жаңа нысандардың құрылысын бастау кезінде кезігетін қиындықтың бірі. Ескі үйлер де көп. Президент бұл ретте Түрксіб, Жетісу аудандарындағы тозығы жеткен тұрғын үйлерді қайта жаңғырту жөнінде тапсырма берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жалпы Алматыда жер тапшы екені белгілі. Бірақ Бас прокуратураның мәліметіне қарасақ, қалада 3,7 мыңнан астам гектар жер пайдаланылмай отыр. Оның бәрін толыққанды экономикалық айналымға енгізу қажет.

Мемлекет басшысы Алматы үлкен айналма күре жолының қаламен байланысатын тұсы мен «Алтын Орда» базары жанындағы жол айрығының құрылысына қатысты қатаң ескертулер айтты. Жоба жетекшілері жұмысты жүйелі жүргізе алмай отыр. Қажетті қаражат толық бөлінген. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Енді Үкімет басшысы Алматы және Алматы облысының әкімдері бірлесіп, «Райымбек – Алматы» учаскесін биыл аяқтауға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл – әсіресе, қала іргесіндегі елді мекен тұрғындары үшін ең өзекті мәселенің бірі. Мұны жұртшылық қала әкіміне талай рет айтқан. «Алматы – Бішкек» тас жолының осы жерден өтетін бөлігі былтыр салынып бітуге тиіс болатын. Қажетті қаражат толық бөлінген. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Асқар Ұзақбайұлы, Алматы және Алматы облысының әкімдерімен бірлесе отырып, «Райымбек – Алматы» учаскесінің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын.

Жиында қаланың экологиялық мәселелері де талқыланды. Шаһар маңы мен елді мекендерді дамыту қажеттігі де сөз болды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Алматы – Қазақстандағы ең үлкен қала ғана емес, еліміздегі агломерацияның ірі орталығы. Бірақ бұл мақсатқа жету үшін шаһардағы көлік қатынасын реттеу керек. Тиісті тапсырмаларды орындау үшін Президент Алматы агломерациясын басқару жөніндегі кеңес құруды міндеттеді. Бұл құрылымға барлық деңгейдегі уәкілеттілік беріледі.

Авторы: Рауан Мыңбаев, ПТТК