Қызылорда облысында электр желісіндегі олқылық толық қалпына келтірілді

Кеше Қызылорда қаласы мен өңірдің 5 ауданы бірнеше сағат бойы жарықсыз қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жылу орталығындағы қорғаныс жүйелері іске қосылып, 40 мыңға жуық абономентке уақытша жылу беру де тоқтатылған. Электр желісіндегі олқылық тек түнгі 02:00 шамасында толық қалпына келтіріліп, қала мен аудандарға біртіндеп жарық берілді. Сондай-ақ жылу электр орталығының да жұмысы қайта жанданған. Салаға жауапты мамандар жүйедегі ақауды көрші облыстарда болған дауылдың салдарымен байланыстырады.

Ерлан Жаңабаев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- «KEGOC» АҚ қарасты магистраль желісінде ақаулар орын алған. 13-14 наурыз күндері Жамбыл, Түркістан облыстарында табиғи үлкен желдің көтерілуі орын алды. Соның салдарынан болған деген қазір бастапқы ақпарат бар.

Айта кетейік, кеше кешкісін Кентау қаласындағы «KEGOC» компаниясына қарасты жоғары кернеулі электр желісінен ақау шығып, нәтижесінде Түркістан мен Кентау қалалары да жарықсыз қалған. Мамандар басқа желіге қосу арқылы жарты сағаттан кейін жарықты қайта қосты.