БҚО-да Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралардың 80% онлайн өтеді

Батыс Қазақстан облысында эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты наурыз мейрамына арналған іс-шаралардың 80 проценті онлайн өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аталған өңір қазір «қызыл аймақта». Дегенмен қол қусырып қарап отырмаймыз, халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырысамыз дейді мәдениет және спорт саласының өкілдері.

«Бәйтерек» комьюнити орталығында бүгін адам саны аз. Бұған себеп – аймақта карантиндік шаралардың күшеюі. Мұнда домбыра, дәстүрлі ән, қолөнер, көркемсөз бен би үйірмелері жұмыс істейді. Ардагерлерден құралған «Жайық тоқындары» атты вокалды тобы ашылған. Жетістіктері де жеткілікті. Өнерлі өрендер республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып жүр.

Гүлзария Меңдібаева, «Жайық толқындары» вокалды тобының мүшесі:

- Наурызды жоғары деңгейде өткіземіз деп жан-жақты дайындалып, жақсы көңіл-күймен келе жатыр едік. «Қызыл аймаққа» енуіне байланысты шаралардың бәрі кейінге шегеріліп жатыр. Дегенмен алда да күніміз таусылмасын. Біз қолымыздан келгенше қолөнерді, көрпе жасау, ою қию, іс тігу өнерін жастарға үйреткізіміз келеді.

Ләззәт Қасымова, «Бәйтерек» комьюнити орталығының меңгерушісі:

- Комьюнити орталықтың бір ерекшелігі – бұрын бізге тек балалар мен жасөсіпірімдер келетін болса, бүгінгі күні зейнет жасындағы ардагерлер қауымы, жас шектеуіне қарамайтын тұрғындармен жұмыс жасаймыз. Жөндеуден өткізілгелі клубымыз аспаптармен қамтамасыз етілді. «Қызыл аймаққа» ендік деп қарап отырмаймыз, халықпен тіке байланыста онлайн режимде түрлі игі шараларымызды халыққа ұсынатын боламыз.

Жалпы, қала бойынша мәдени ағарту бірлестігіне қарасты осындай 22 аула клубы жұмыс істейді. Соның төртеуі комьюнити орталық ретінде құрылған. Алдағы ұлыстың ұлы күніне олар да сақадай сай дайындалыпты. Алайда қалыптасқан жағдайға байланысты барлық іс-шараны онлайн режимде өткізу көзделіп отыр.  

Серік Тоқмамбетов, қалалық мәдени ағарту бірлестігінің директоры:

- Бас санитардың қаулысында талаптарды қатаң сақтай отырып, комьюнити орталықтардың жұмысын онлайн түрде өткізіп жатырмыз. Бірден бір бізге көмекші – бұл әлеуметтік желілер. Барлық өткен іс-шара тек қана көрерменсіз ұйымдастырушы мен қатысушы ғана өткізеді. Ал халық тікелей эфирден біздің мәдени ағарту бірлестігінің парақшаларынан тамашалайды.

Жалпы, биыл шаһарды мерекелік безендіруге бюджеттен бір тиын да бөлінбеген. Дегенмен наурыз нақыштары қаланың әр тұсында әсемдігімен көз тартатынын айта кеткен жөн.

Серік Қайырлиев, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

- Мереке қарсаңында қаламыздың көшелері, басты алаңдары безендіріліп, қазақ драма театры, Қадыр орталығының колонналарына мерекелік баннерлер ілініп, алаңдарға кіші архитектуралық формалар, ұлттық нақышқа кіиз үйіміз, алтыбақанымыз орнатылып безендірілді. Биыл ешқандай қаражат жұмсалмады, тек қана былтыр қойылған атрибутикаларды жөндеп, орны орнына қойған болатынбыз. 

Мерекенің көрігін қыздыруға облыстық спорт денешынықтыру және спорт басқармасы да тыңғылықты дайындалған еді. Бірақ ұлттық спорт түрлерінен өтетін жарыстарды онлайн өткізу мүмкін емес. Сондықтан бәрін де кейінге қалдырдық дейді ұйымдастырушылар.

Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов