COVID-19: «Ashyq» қосымшасы қалай жұмыс істейді?

Карантин кезінде елімізде қоғамдық орындарға барудың жаңа тәртібі енгізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айталық елорда мейрамханалары «Ashyq» мобильдік қосымшасын қолдана бастады. Оны осы уақытқа дейін 33 мың адам ұялы телефондарына жүктеп үлгерген. Қосымша көпшілік орындарда ковидке шалдыққан адамдарды анықтайды.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- «Ashyq» мобильді қосымшасы елордадағы мейрамханалардың біразында қолданыла бастады. 1 айға жуықтаған. Бұл мейрамхана қызметкерлеріне тиімділігін көрсеткен жүйе екен.

Жүйеге бастапқыда қарсылық білдігендер болды. Адамдарды ковид мәртебесіне қарай бөлуді көпшілік жөн деп санамады. Дегенмен кәсіпкерлер тиімділігін байқаған. Бизнес үшін бұл тоқтап қалған кәсібін қайта жандандырудың жолы.

Ботагөз Бақытжанқызы, мейрамхана қызметкері:

- Иә, біз осы қосымшамен 1 наурыздан бастап жұмыс істеп келеміз. Ол 4 адамдардың статусын көрсетеді. Бұл дегеніміз, жасыл және көк түстер, ауырмайтын адамдар, оларды кіргіземіз. Ал сары-қызыл түс шыққан адамдарды үйлеріне қайтарамыз. Өйткені олар вирус жұқтырған болып есептеледі.

Көк түс адамның коронавирусқа қатысты мәртебесі тұрақты дегенді білдіреді. Аурудан толық айыққан немесе ПТР тест сынамасы теріс нәтиже көрсеткендердің белгісі. Ал ковидке шалдыққандар сары немесе қызыл түспен белгіленеді. Мұндай мәлімет Денсаулық сақтау министрлігінен алынады.

Әсел Мұратханова, «Атамекен» ҰКП департаменті директорының орынбасары:

– Бұл мәліметтер құпия сақталады. Ешкімге қызыл немесе сары түс алдын ала бекітілмейді. Адамдар кейде мәртебесін білмеуі де мүмкін. Негізінен ПТР тапсырғандардың деректері осы жүйеге енгізіледі.

Қосымшаны әзірге 230 кәсіпкерлік субъекті қолданады. Жоба пилоттық негізде жүзеге асып жатыр. Мақсат – коронавирусқа шалдыққан немесе онымен байланыста болғандарды қоғамнан аз уақыт болса да оқшаулау. Алдағы уақытта жүйе кинотеатрларға енгізіледі.

Рауан Мыңбаев, Ерлан Наурызбаев