Сенаторлар көліктерді қайтару туралы заң жобасын қолдады

Парламент Сенатының депутаттары ТМД елдері арасында автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрес пен оларды қайтару туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Хаттамаға Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Беларусь, Қырғызстан, Молдова елдерінің ішкі істер министрлері қол қойды. 2005 жылдан бастап ТМД аумағында ұрланған темір тұлпарлардың тек 30 проценті ғана иелеріне қайтарылды. Себебі қазір сұрау салу процесінің айтарлықтай кемшіліктері бар. Оларды жою үшін құжатқа жаңа нормалар енгізілді. Ережеге сәйкес, сұрау салуды орындауға енді бір-ақ ай уақыт беріледі. Жауап қайтарудан бас тарту үшін нақты негіз болуы қажет. Сондай-ақ заң жобасы жол-көлік, өрт және табиғи апаттан зардап шеккен автокөліктер туралы мәлімет беру және кеден органдарымен ақпарат алмасу тетіктерін қамтиды.