433,55 515.14 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Ashyq» қосымшасы коронавирустың таралмауына қаншалықты ықпал етеді?

  • 105
  • UPD: 13:39, 18.03.2021
«Ashyq» қосымшасы коронавирустың таралмауына қаншалықты ықпал етеді?

Алматыда алдағы демалыс және мереке күндері «Ashyq» мобильді қосымшасына тіркелген бірқатар кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл бизнестің тоқтамауына жақсы мүмкіндік.

Алматыда «Ashyq» мобильді қосымшасы арқылы 44 кәсіпкерлік нысан жұмыс істеуде. Олардың қатарында фитнес және спа орталықтар, сауна, бассейн, боулинг пен компьютерлік клубтар бар. Айта кетейік, бұл субъектілер былтыр төтенше жағдай жарияланған соң жабылып, қызметтерін тоқтатқан болатын. «Ashyq» қосымшасы тұралап қалған бизнестің қайта қатарға қосылуына мүмкіндік беріп отыр.

Айымбала Мешелова, кәсіпкерлер палатасы жетісу аудандық филиалының директоры:

- «Ashyq пилоттық жобасының басты мақсаты – мекемеге келуші тұтынушылар мен қызметкерлердің вирусты тасымалдаушы немесе, тасымалдамаушы емес екенін анықтауға мүмкіндік беру. Екінші мақсаты – карантин уақыты басталған уақыттан бері өз қызметін бастауға мүмкіндігі болмай тұрған кәсіпкерлерге өз кәсіпкерліктерін біртіндеп ашып, немесе толықтай ашуға мүмкіндік алу.

Мобильді қосымшаны қолдану жеңіл. Тұтынушы кәсіпкерлік нысанға кірерде QR кодты қосымшаға енгізген соң, қай топқа жататыны бірден көрінеді. Егер қызыл және сары түс шықса, тұтынушы нысанға кіргізілмейді. Қызыл түстегілер – вирус жұқтырып, тізімге ілінгендер, ал сары түстегілер – аурумен қарым-қатынаста болғандар.

Олжас Мұсаев, кәсіпкер

- Кейбір клиенттер өздерінің мәліметтерін бергісі келмейді. Кейбіреулері осы қосымшаны жазғысы келмейді. Сол уақытта біз өзіміз кассир арқылы орналастырылған қосымшамен ЖСН арқылы тексеріп, көк немесе жасыл түс болған кезде осы клубқа кіргіземіз. Екі аптадан астам жұмыс істеп жатырмыз қызыл түс әлі болған жоқ.

Алматы қазір «қызыл аймақта». Алайда, «Ashyq» қосымшасы арқылы жұмыс істейтін кәсіпкерлік нысандардың мереке күндері жұмыс істеуіне рұқсат етілген. Яғни фитнес орталықтар, бассейн, компьютер клубтарына баруға болады. Бұл қаладағы эпидемиологиялық жағдайға қалай әсер етпек?

Садуақас Байғабылов, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– «Ashyq» қосымшасын қолданатын нысандар сенбі жексенбіден басқа күндері қаладағы шектеу шараларына қарамастан күндізгі 12-ден түнгі 24-00-ге дейін жұмыс істейді. Бұл қалада аурудың таралуына еш әсер етпейді. Себебі бұл нысандарға сау, ПТР нәтижесі теріс азаматтар ғана кіргізіледі.

Қазіргі уақытта «Ashyq» қосымшасына тіркеліп, өз кәсібін қайта жандандырғысы келетін кәсіпкерлердің саны артып келеді. Пилоттық жоба әзірге Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Қарағанды қаласында ғана жүзеге асуда.   

Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы