Аршалы кентіндегі колонияда тұтқындар жаппай төбелес шығарған – жалған ақпарат

Әлеуметтік желілерде ЕЦ-166/5 төтенше қауіпсіздік мекемесінде тұтқындардың жаппай төбелесінен кейін әскер енгізіліп, тінту жүргізілгені туралы ақпарат тарады. Бұл – фейк, оны Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ҚАЖД теріске шығарды.

Кейбір желі қолданушылары мекеменің алдына қойылған жедел жәрдем көлігін көріп, онда жаппай төбелес болып, әскер тартылған және тінту жүргізілді деп ойлаған. Шын мәнінде дәрігерлер колонияға созылмалы ауруы бар сотталушыға көмектесу үшін келді, деп хабарлады stopfake.kz.

«17 наурызда таңғы сағат 06:30 шамасында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЕЦ-166/5 төтенше қауіпсіздік мекемесінің қызметкерлері бронх демікпесімен ауыратын сотталушы Ж.-ға медициналық көмек көрсету үшін жедел жәрдем шақырылғанын хабарлаймыз. Медициналық көмек сол жерде көрсетілді. Қазіргі кезде оның жағдайы қанағаттанарлық», – деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі.

Сондай-ақ ведомствоның хабарлауынша, Қазнет пайдаланушылары айтып отырған колониядағы тінту жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілген және жедел жәрдемнің келуімен ешқандай байланысы жоқ.