433,15 516.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Құлсарыда салынып бітуі тиіс болған аурухана құрылысы созылып кетті

  • 132
  • UPD: 21:19, 18.03.2021

Атырау облысында «сағызша созылған құрылыс» жыры аяқталар емес. Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында салынып жатқан 200 орындық аурухана әлі күнге дейін пайдалануға берілген жоқ. Межеленген мерзім былтырғы жылдың желтоқсаны болатын. Созбалаңға салынған құрылыс жұмыстарын енді мердігер мекеме биыл маусым айында бітіреміз деп отыр.

Бұл Құлсары қаласында демеушілер көмегімен әлі салынып жатқан 200 орындық модульдік аурухана. Эпидемиологиялық ахуал ушыққан уақытта дәл осы медициналық нысанға қажеттілік шамадан тыс артты. Коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастарға арналып салынатын аурухана жоба бойынша ең озық медициналық технологияға негізделген. Мұнда қондырғылардан өзге оттегі станциясы да қарастырылыпты. Бірақ жылыойлықтар күткен жаңа аурухананың құрылысы әлі күнге дейін аяқталмай отыр.

Нұрберген Құсайынов, Жылыой аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

- 200 стационарлық аурухана қазіргі таңда пандемияға байланысты тез бітіруге жатады. Осы жылдың аяғына дейін бітіреміз деп жалпы жоспарлап отырмыз. Былайша айтқанда, жеңіл металл конструкциямен модульді типтегі, тез құрастырмалы түрде жасалатын болады. қазіргі таңда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Екі ауыспалы кезеңмен, күндіз де, түнде де құрылыс жұмыстары жалғасуда. Жылдың аяғына дейін аяқталады деп жоспарлап отырмыз.

Жауаптылардың өткен жылы берген сұхбатына сүйенсек, құрылыс жұмыстары желтоқсан айында бітуі керек еді. Алайда құр уәденің арты созбалаңға салынып, тіпті бітіреміз деген уақыттан 3-4 ай асып кетті. Бұл келеңсіздікке қажетті жабдықтардың уақытылы жеткізілмеуі себеп болған көрінеді.

Ернар Смағұл, Құлсарының әкімі:

- Елімізде орын алған пандемияға байланысты, қойылған шектеулерге байланысты қажетті құрал-жабдықтар шет елден келуіне байланысты құрылыс жұмыстары кешігіп қалды. Ендігі таңда мердігер мекемелермен келіссөздер жүргізіп, қосымша келісім шарт жасап, құрылыс жұмыстарын, нақты 2021 жылдың бірінші жарты жылдығына дейін толықтай аяқтауды жоспарлап отырмыз.

200 орындық инфекциялық аурухананың жанынан дәл осы мердігер мекеме 75 орынға шақталған тағы бір медициналық нысанның құрылысын жүргізіп жатыр.

«Ал бұл аурухана межелі уақытында аяқталады», - дейді құрылысшылар.

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы