«Қазақтелекомда» басшылық қызметтегі азамат әріптестерін ақшаға алдап соқты

«Қазақтелеком» компаниясының шығыс өңірлік дирекциясында қызмет істейтін бір азамат әріптестерін алдап қомақты қаржыны қалтаға басқан. Ол қызметтестеріне бірілесіп бизнес жасауға ұсыныс білдірген. Осылайша олардың әрқайсынан қомақты қаржы жинап, бөлім басшысына берген. Тіпті кейбір қызметкерлер оңай пайдаға кенелу үшін 1 миллион теңгеге дейін несие алған. Сан соғып қалған азаматтар енді пайда түгілі өз қолдарымен берген қаржыларын қайтара алмай дал.

Пандемия тарағалы интернет тарататын құрылғының түр-түріне  сұраныс та  күрт артты. Сондықтан осы ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланған пысықайлар да көбейді. «Қазақтелекомның» шығыс өңірлік дирекциясының бөлім басшысы да оңай олжаға батудың жолын ойлап әріптестеріне «бизнес жоба» ұсынады. Оған сенген кейбір әріптестері қомақты сомада несие алып ұстатқан.

Нұрлан Қалымов, Өскемен қаласының тұрғыны:

- Мен өзім 1 миллион теңге ақша бердім. Үстінен 350 мың теңге қосып қайтарып беремін деді. 4-5 миллион теңге берген кісілер де бар. Солардың ақшаларын да қайтара алмай жатыр. Көбі кредит алып, ақшаны берді.

Дидар Әшімханов, Өскемен қаласының тұрғыны:

- Қытайдан арзанырақ модемдерді сатып аламын деген 14 мың теңгеге. Қазақстанда, Өскеменде оны 25 мың теңгеге сатамын деп жүрген.

Сатқан-сатпағанын және интернет тарататын құрылғыны алған-алмағанын да ешкім дөп басып айта алмай отыр. Бөлім басшысы әріптестерінен жалпы сомасы 50-60 миллион теңге жинап алған. Қазір олар бәрі де «алдандық» деп сан соғып отыр. Ал «Қазақтелеком» компаниясының өңірлік өкілдігіндегі қызметкерлері бұл мәселеге өздері деп аң-таң болып отыр.

Луиза Уалханова, Шығыс өңірлік телекоммуникация дирекциясының корпоративтік коммуникация жөніндегі маманы:

- Компанияның бұл қызметкердің жұмыстан тыс уақытында немесе өзінің бір кәсібіне жауап беруге міндетті емес деп айтқым келеді. Өйткені ол оның жеке басының ісі.

Әріптесіне алданған басқа қызметкрелер полицияға арыз жазды. Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Әли Айбеков, Өскемен қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы:

- Ол қылмыстық іс бойынша 32 жасар Өскемен қаласының тұрғынына қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі таңда сол бойынша заңды мерзім аралығында процессуалдық шешім қабылданады.

Шешім қабылданғанға дейін оңай жолмен олжаға батқысы келіп орға түскен әзірге 50-ге жуық адам анықталды. Нақты алаяқтың арбауына қанша адам түскені әлі анықталып жатыр. Ал әріптестерін алдап соққан азамат телекоммуникация саласы бойынша  көрші  Павлодар облысына да жауапты болған.

Авторлар: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин