Түркістан облысында Наурыз мерекесі тойланбайтын болды

Соңғы тәуліктердегі эпидемиологиялық ахуалдың өзгеруіне байланысты Түркістан облысында Наурыз мерекесі тойланбайтын болды.

Бұл туралы журналистерге арналған баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәлімдеді.

Қалқамановтың айтуынша, соңғы тәулікте облыста 12 адам коронавирус жұқтырған. Ал вирустық пневмониямен тағы 5 адам ауруханаға түсіпті. Оның үстіне наурыз мерекесіне орай Түркістанға өзге өңірлерден тек пойыз, ұшақ және автобуспен 11 мыңнан астам адам келеді деп болжанып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін облыс орталығында бірнеше мәдени іс-шара өткізіледі деп жоспарланған еді. Облыстың бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, 19-23 наурыз аралығында өңірлердегі аудан-қалаларда карантиндік талаптарды сақтай отырып, жиыны 50 адамнан аспайтын шағын шаралар ғана өтеді. Салтанатты шараларда әкімдік қызметкерлері мен еріктілер және құқық қорғау органдарынан құралған мобильді топтар бақылауға алады.

Сәкен Қалқаманов, облыс әкімінің орынбасары:

- 31 наурызда Түркістанда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өтеді. Саммитке Түркітілдес мемлекеттердің барлық басшылары және осы ұйымның бақылаушысы болып табылатын Венгрияның премьер-министрі қатысады. Осыған орай саммиттің ойдағыдай өтуі үшін коронавирус індетінің алдын алу мақсатында 19-23 наурыз аралығында Түркістан қаласында Наурыз мерекесіне арналған шаралар өткізілмейді.