Маңғыстау облысындағы фермада түйеқұс саны 8 мыңға жуықтады

Маңғыстау облысындағы түйеқұс фермасында құс саны 8 мыңға жуықтады. Оның арасындағы алпысы африкалық түйеқұс. Мұнда тауық пен күркетауықтан бөлек бөдене, үнді тауығы, қытай қырғауылы секілді сирек кездесетін қанаттылар да бар. Мұнайлы ауданында ерекше жобаны жүзеге асырған ауыл тұрғыны құс еті мен жұмыртқасын сатып, көл-көсір табысқа кенеліп отыр.

Түйеқұс фермасының иесі Бекен Қаржаубаев есімді іскер азамат. Америкада жоғарғы оқу орнын аяқтаған соң елге оралып, ерекше жобаны қолға алыпты. Әкесімен бірге әлемді шарлап, экзотикалық құстардың балапандарын іздейді. Бастапқыда бөдене жұмыртқасын туған жерге жеткізумен айналысқан. Көп ұзамай кәсібі алға басып, Мұнайлы ауданында 10 гектар жерде шаруа қожалығын ашты.

Бекен Қаржаубаев, кәсіпкер:

- Ферма құру жоспарда жоқ болатын. Әкем бөдене жұмыртқасын жақсы көретін болған соң, үй жағдайында асырап көруді ойладым. Кейін шетелге сапарымның бірінде түйеқұс жұмыртқасын сатып алдым. Қазір шүкір жылына кемі 10-нан астам жұмыртқа сатып отырмыз. Көбіне жеңсік ас ретінде жергілікті дәмханалардан тапсырыс түседі. 

Әкелі-балалы кәсіпкерлер 8 мыңдай құс азығына ай сайын 3 млн теңге жұмсап, 15 тоннадай көкөніс пен жем сатып алады. Есесіне күн сайын бір мыңдай тауық және бөдене жұмыртқасын дүкен-базарларға жеткізіп отыр. Құс етіне де жергілікті нарықта сұраныс жоғары. Бұдан бөлек ашық күндері түйеқұс фермасына мектеп оқушылары мен мекемелер үшін ұжымдық саяхат ұйымдастырылады.

Бекен Қаржаубаев, кәсіпкер:

- Екі жыл бұрын австралиялық эму түйеқұстарын сатып алғанбыз. Нәтижесінде фермаға саяхаттаушылар саны күрт көбейді. Кейін мектептерден өтініш түсе бастады. Осылайша туризмге бет бұрдық. Десек те, негізгі жұмысымыз әртүрлі құс еті мен жұмыртқасын өндіру болып қала береді.

Туристердің назарын алыстан тартатын құстың бірі үнді тауысы. Аз уақытта олардың балапандары да жергілікті климатқа жерсініп алған. Қазір мұндағы тауыс саны жиырмаға жетіп қалды. Сондай-ақ қырғауылдың 10 түрін кездестіруге болады.

Авторлар: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев