Елордада Наурыз мерекесін тойлау кезінде топтасуға рұқсат жоқ

Ал елордада наурыз мерекесін тойлауға рұқсат. Бірақ адамдардың топтасуына жол берілмейді. Бұл жөнінде қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов мәлімдеді.

Бабамұратовтың айтуынша, қазір қаладағы эпидахуал күрделі. Сондықтан әкімдік тарапы биыл концерттік бағдарламаларды шектеп, қайырымдылық шараларға басымдық бермек. Яғни алдағы демалыстарда мұқтаж жандарға азық-түлік таратылады.

«Бұған бюджет қаржысы жұмсалмайды», - деді Бабамұратов. Яғни демеушілер көмектеседі. Ал оны таратумен ерікті айналысады. Бұған қоса қазір қала көшелері безендіріліп, киіз үйлер құрылып жатыр. Бұл мерекелік атмосфера қалыптастырып, адамдарға жақсы әсер сыйлайды дейді жауапты тұлға. Ал карантиндік талаптардың сақталуын полиция қатаң қадағалайтын болады.