430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістандық табиғат жанашырлары ағаш отырғызып, қоқыс шығарды

  • 110
  • UPD: 10:41, 19.03.2021

Ұлыстың ұлы күні –Наурыз мерекесі қарсаңында түркістандық экологтар мен табиғат жанашырлары көшет отырғызып, айналаны қоқыстан тазартты, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Бір тал кессең, он тал ек» деген дана бабаларымыздан қалған қағиданы берік ұстанған азаматтар барша облыс тұрғындарын ағаш егіп, қоршаған ортаны күл-қоқыстан тазартуға шақырды. Сол арқылы өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға болатынын жеткізді.

Табиғат жанашырлары бұл жолы ағаш егіп, қоршаған ортаны тазалау жұмыстарын алдымен Түркістан қала маңындағы Құсшы ата елді мекенінен бастады. «Сырдария – Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі мен облыстық экология және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының 150-ге жуық қызметкері елді мекеннің айналасындағы арық-атыздардың жолын ашты. Одан кейін сынған ағаш бұтақтары мен жапырақтарды жинап, табиғат ананы күл-қоқыстан тазартты. Ауыл тұрғындарын өз ауласын таза ұстауға шақырды.

Уалихан Қайназаров, экология департаментінің басшысы:

- Бірінші – саябақтар мен алаңдарды тазалау. Екінші – заңсыз қоқыс тастаған жерлерді тазалау. Үшінші – елді мекендердің халқын өз үйінің маңын тазалау. Сондықтан мен барлық Түркістан облысының халқын бірінші кезекте өз үйінің айналасын тазалауға, одан бөлек, коммерциялық мекемелер, өнеркәсіптер бар, солар бәрі бір тазалап шығатын болса, онда біздің елді мекендер таза болады.

Одан кейін бастамашыл топ Оранғай ауылдық округі маңындағы «Жасыл аймаққа» ағаш көшеттерін отырғызды. Мұнда ағаш егу үшін 180 гектар жер арнайы бөлінген. Оған суды аз қажет ететін, шөлейтті жерге бейімделген 3 мыңнан аса көшет егу жоспарланған. Бүгін табиғат жанашырлары 500 түп ағаш отырғызып, көшеттердің түбін әктеді.

Әбутәліп Құламетов, «Жасыл аймақ» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры:

- Негізгі көшеттердің бәрі жерсіңген, Түркістан облысының аумағынан алынған көшеттер. Бізге шеттен, бсқа жақтан көшеттер келіп жатқан жоқ. Біз мынау «Жасыл аймақ» мемлекеттік мекемесінің аумағынан 250 гектар жерге тұқымбақ орнатылған. Сол жерден де көшеттер алынып жатыр.

Табиғат жанашырлары мұнымен тоқтап қалмақ емес. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Түркістан облысы аумағында 30 млн түп ағаш егуді жоспарлап отыр. Айта кетейік, 2019 жылы Түркістан қаласы маңынан «Жасыл белдеу» құрылған болатын. Онда 7700 гектар алқапқа әртүрлі ағаш көшетін отырғызу көзделген. Өткен жылы соның 4,5 мыңына 5 млн-ға жуық көшет егілді. Биыл қалған 3,5 мың гектары толық игеріледі деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат

Хабар 24 телеарнасы