Есірткі сақтаған түлкібастық тұрғынның үйінен қару табылды

Есірткі сақтаған түлкібастық тұрғынның үйінен қару табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасына Түлкібас ауданында тұрғынның бірі үйінде есірткі сақтайды деген хабарлама келіп түседі.

Ақпарат алысымен тәртіп сақшылары жедел әрекет етіп, аталмыш тұрғынның жеке басын, мекенжайын анықтап, үйіне тінту жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде оның бөлмесінен ішінде ақ түсті ұнтағы бар есірткіге ұқсас төрт дана электр изолентасына оралған зат табылады. Одан бөлек МК-17 маркалы тапанша табылып, тәркіленіп алынады.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері СДТБТ-ға ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен, өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша тіркеді. Күдікке ілінген тұрғынның үйінен алынған есірткінің салмағы сараптама қорытындысымен 3,5 грамды құрады. Ол «синтетикалық есірткі» болып шықты. Ал қаруға сараптама тағайындалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Есірткі пайдалану денсаулығыңызға балта шабады. Сондықтан кез келген саналы адам есірткідей зиянды затты мүлдем тұтынбай, салауатты өмір салтын ұстану қажет. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері есірткі қолданып, сатумен айналысу, өсіру, сақтаудың соңы заң алдында қылмыстық жауапқа тартылумен аяқталатынын ескертеді. Сол себепті, «Қылмыстың өтеуі – жаза» екендігін естен шығармайық!