Алматыдағы 34 мектепке «бомба қойған» күдікті іздестіріліп жатыр

Алматыда «жарылғыш зат қойылды» деген мектептердің саны 34-ке жетті.

Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Қазіргі уақытқа дейін 18 мектеп тексеріліпті. Абырой болғанда, олардан ешнәрсе табылмады. Бүгін таңертең мұндай суыт хабарды 12 мектеп әкімшілігі алған болатын. Белгісіз қаскөй білім беру мекемелерінің электронды поштасына жарылғыш зат қойғанын жазып, 500 мың теңгені түскі үшке дейін салуын талап еткен. Болмаса, мектепті жарып жіберетінін ескерткен. Қазір саперлар мен кинологтар қалған нысандарды тексеріп жатыр. Оқушылар мен мектеп қызметкерлері қауіпсіз жерге шығарылған. Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктінің жеке басын анықтау және жедел іздестіру жұмыстары жүргізілуде.

Айымгүл Иманғалиева, №19 мектептің директоры:

- Балаларды мектепке қабылдап жатқан кезде мектептің электрондық поштасына бір хат келіп тұр. Тәрбие ісінің меңгерушісі: «мазмұнын сіз танысып көресіз бе?» деді. Оған мектептің хатшысы хабарлаған екен. Мен жүгіріп барып хатты оқыдым. Хаттың мазмұны «сіздің мектептеріңізде бомба қойылған, бір нөмірді жазған осы нөмірге мынандай ақша жібересіз» деп жазған. Мектептің аты көрсетілмеген. Тек қана «сіздің мектебіңізде» деп жазылған.