Министрлік журналистерді аккредиттеу қағидаларына қатысты түсініктеме берді

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қоғамда қызу талқыланған журналистерді аккредиттеу қағидаларына қатысты түсініктеме берді.

«Ұзақ уақыт бойы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қоғам қайраткерлерінің тікелей қатысуымен журналистерді аккредиттеу қағидаларын әзірлеу бойынша елеулі жұмыс жүргізді.

Қағидаларды әзірлеу кезеңінде көптеген идеялар ұсынылды және біз олардың көпшілігін жаңа қағидаларда ескердік деп санаймыз», – делінген баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Негізгі қағидаларға қысқаша шолу жасасақ, мынадай новеллаларды байқауға мүмкіндік береді:

1) аккредиттеу рәсімі тұрақты (1 жыл) және уақытша (бір рет) бөлінуі;

2) барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдар үшін журналистерді аккредиттеудің бірыңғай мерзімі (жыл сайын 1 желтоқсаннан кешіктірмей);

3) құжаттар пакеті 4-тен 2-ге дейін қысқартылды (өтініш және жеке басын куәландыратын құжат);

4) өтінішті қарау және ол бойынша шешім қабылдау мерзімі 7 жұмыс күнінен 3 жұмыс күніне дейін қысқартылды;

5) аккредиттеуші ұйым өзінің интернет-ресурсында аккредиттелген журналистердің тізімін жүргізеді;

6) аккредиттеуші ұйымның журналистке алдын ала хабарлау жөніндегі міндеті көзделген:

жоспарлы іс-шараларға – екі жұмыс күнінен кешіктірмей;

жоспардан тыс іс-шараларға – оларды өткізу туралы шешім қабылданған сәттен бастап екі сағат ішінде және т.б.

Қағидаларды әзірлеу және мемлекеттік органдармен келісу кезінде заңнамамен талап етілетін барлық қажетті рәсімдер мен сараптамалардан өткенін айта кеткен жөн.

Министрлік қағидаларды әзірлеу барысында барынша ашықтық пен объективтілікке ұмтылғаны да айтылған.

Сондай-ақ қоғам арасында резонанс тудырған ережелерге де мән берілген.

«Біріншіден, модератор қызметінің мәселесі бойынша, жұртшылықтың пікірін ескере отырып, Қағидалар жаңа редакцияда, іс-шараға қатысушылардың тақырыпты (мазмұнды), уақытша регламентті, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтауын қамтамасыз ету жүргізушінің міндеті болып табылатыны пысықталды.

Жүргізуші ұғымын енгізу журналистердің құқықтарын шектеу мақсатын көздемейді. Қағидалар іс-шараға қатысушылардың неғұрлым көп санына ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге, сол арқылы неғұрлым маңызды мәселелер бойынша халықтың айтарлықтай қамтылуына қол жеткізуге бағытталған», – делінген мәліметте.

Жүргізуші ұғымы және оның жауапкершілік аясы тек іскерлік атмосфераны және тараптар арасындағы сындарлы диалогты сақтау үшін қажет.

«Екіншіден, аккредиттеуші ұйым туралы шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратқаны үшін аккредиттеуден айыру негіздемесін нақтылау мәселесі.

Аккредиттеуден айыру негіздері «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның 22-бабының 4-тармағында көзделгенін ескере отырып, Министрлік осы мәселе бойынша қосымша негіздерсіз заң нормасына сілтеме жасауды ғана көздеу туралы шешім қабылдады.

Жалпы Қағидалар ережелері заманауи үрдістерге сәйкес келеді және аккредиттеуші ұйымдар мен аккредиттелетін журналистердің өзара тиімді ынтымақтастығына бағытталған», – дейді ведомствоның баспасөз қызметі.