БҚО-да 20 наурыздан бастап карантиндік шектеу шаралары күшейтілді

Батыс Қазақстан облысында жаңа карантиндік шаралар енгізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Матрица кестесіне сәйкес бүгін аталған өңір қайтадан «қызыл аймаққа» енді. Эпидемиологиялық жағдай мәз емес, тек соңғы тәулікте 81 адам коронавирус жұқтырған. Бас санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша бірінші кезекте спорттық және мәдени бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынды. Театрлар мен кинотеатрлар және ойын алаңдары да қайта жабылды. Ашық базарлар жексенбі күні жұмыс істемейді. Ал, жабық базарлар мен сауда орталықтары сенбі мен жексенбіде жабық болады. Қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы бұрығыдай түнгі 00:00-ге дейін емес, кешкі 22:00-ге дейін шектелді. Демалыс күндері сауна, бассейндер мен фитнесс және СПА-орталықтар жұмыс істемейді. Санитарлық дәрігерлер өңір тұрғындарына мерекені өз отбасында ғана атап өтуге кеңес беріп отыр.

Мұхамғали Арыспаев, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

- Біздің облысымыздың «қызыл аймаққа» кіруіне байланысты облысымызда қаулы қабылданды. Карантиндік шараларды күшейтуге байланысты қаулы 20 наурыздан бастап күшіне енеді. Енді ол қаулы негізінен адамдардың қозғалысы көп болмауы үшін жасалып жатқан қаулы карантиндік шараларды күшейту. Наурыз мейрамы келе жатыр, отбасы жағдайында барлық сақтық шараларды сақтауды сұраймын. Әсіресе, зейнет жасындағы адамдар көбіне тойларға немесе шақыратын жерлерге бармауға шақырамын.