ШҚО-да балалардың жаппай астан улануына қатысты қылмыстық іс қозғалды

Шығыс Қазақстанда 82 оқушы өзін нашар сезініп, дәрігерге хабарласқан. Олардың 36-сы ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдын ала болжам бойынша негізгі себеп олар жаппай астан уланған болуы мүмкін. Балалар өңірдің Ұлан ауданы Бозанбай ауылдық мектебінде оқиды. Олар осы білім ордасының асханасында тамақтанған екен. Енді қазір санитарлық эпидемиолог мамандар тамақтану орнына тексеріс жүргізіп жатыр. Қазір талдама алынып, 2-3 күннен соң нақты диагноз анықталатын болады.

Айдын Нұртазаұлы, облыстық ана мен бала орталығының эпидемиолог дәрігері:

- Инфекция бөлімшесінде 36 науқас ем қабылдауда. Барлық науқастың жағдайы қалыпты. Бүгінгі күні түскен науқастарға энтеровирусты инфекция немес ішек инфекциясын жұқтырған деген болжам қойылған. Бактерологиялық зертханаға сынамалар алынды Ана мен бала орталығына. Нәтижесі әлі дайын емес, жұмыста.

Балалардың жаппай астан улануына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл жөнінде өңір басшысы Даниял Ахметов мәлімдеді. Оның айтуынша, кінәлі адамдар жауапқа тартылуы қажет. Арнайы жиында тамақтануды ұйымдастыруға қатысты бақылаудың жоқтығы мен құзырлы мекемелердің олқылықтары да айтылды. Енді облыстағы барлық мектеп пен мектепке дейінгі мекемелер тыңғылықты тексеріледі.

Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:

- Барлық білім беру және әлеуметтік қорғау мекемелері тексерілсін. Қазір бүкіл күшті осыған жұмылдыру қажет. Алдағы 3 күнде оның нәтижесін алып, тиісті шараларды атқарамыз.