COVID-19-бен күресте ерекше көзге түскен астаналықтар «Халық алғысы» медалімен марапатталды

Елорданың алты тұрғыны коронавирус пандемиясына қарсы күрестегі ерен еңбегі үшін «Халық алғысы» медалін иеленді.

Марапаттарды Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен табыс етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Пандемия басталғаннан бері көптеген сала мамандары, қарапайым азаматтар коронавирус инфекциясының тұрақтануы үшін бәрін аянып қалып жатқан жоқ. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша әр саланың мамандарын естелік медальдармен атап өту туралы шешім қабылданды. Марапаттау рәсіміне дәрігерлер, педагогтар, журналистер, қоғам белсенділері қатысты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан «Халық алғысы» медалімен марапатталғандарыңызбен құттықтаймын. Пандемия кезеңінде үлкен жұмыс жүргізілді. Ол әлі де жалғасып жатыр. Қауіпті инфекциямен қазір де күресіп жүрміз. Мұғалімдерге, дәрігерлерге, журналистерге, қоғам қайраткерлеріне, белсенділерге, еріктілерге үлкен алғысымды білдіргім келеді. Олардың бәрі қаламыздың, еліміздің игілігі үшін жұмыс істеп жүр. Сондықтан біз ұйым жетекшілерімен бірлесіп, сіздерді құрмет белгілерімен марапаттау туралы ұсыныс жасадық. Қала басшылығының атынан жұмыстарыңызға табыс, сәттілік, мықты денсаулық және бастарыңызға амандық тілеймін. Пандемия басталғаннан бері ең маңызды тілек – денсаулық болып отыр және солай болып қала береді», – деп атап өтті Бақтияр Мәкен құттықтау сөзінде.