Ақтөбеде көктайғақтан 40 адам түрлі жарақаттармен ауруханаға түскен

Құбылмалы ауа райы көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысын қиындатып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеше кешкілік облыс орталығында қар аралас жаңбыр жауып, соңынан ауа температурасы күрт төмендеді. Салдарынан шаһарды мұз басып, тұрғындарды әбігерге салды.

Ауа райы соңғы күндері Ақтөбеде мың құбылып тұр. Күндіз жаңбыр тамшыласа, кеш бата қарға ұласып, тұрғындарды әбден мезі етті. Құтқарушылардан сақтық шараларын естен шығармау керектігі туралы хабарлама күніне бірнеше рет жолданады. Алайда тайып жығылып, түрлі жарақат алатындар аз емес.

Мәдина Сердалина, қала тұрғыны:

– Кеше кешкілік құлап қалдым. Түнімен жаттым. Шамалап ауырды. Сосын міне, жедел жәрдем шақырмай, өзім келіп тұрмын. Есіктің алды тайғақ болды. Содан құлап қалдым.

Соңғы екі күн ішінде облыстық жедел медициналық жәрдем ауруханасына түрлі жарақаттармен 40 адам жеткізілген. Барлығы да – мұзда тайып құлағандар.

Абзал Қадырбаев, жедел медициналық жәрдем ауруханасының ортопед-травматологы:

– 20 адам жабық сынықтармен, 20 адам соғылумен келді. Көктайғақта егде адамдар үйінен шықпағаны дұрыс. Себебі олардың сүйектері осалдау болады.

Құзырлы орган өкілдерінің ескертуіне қарамастан қауіпсіздік шараларына енжар қарап, жолаушылап кететіндер де аз емес. Себебі құбылмалы ауа райы облыстың барлық аумағына тән боп тұр. Сәйкесінше 8 республикалық және облыстық маңызы бар 2 бағыттағы жол жабылды. Атап айтқанда Самара-Шымкент, Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Ақтөбе-Ор тас жолдарының бірқатар учаскелерінде барлық көлік түрлерінің қозғалысы тоқтатылған.

Руслан Сахиев, облыстық ТЖД басқарма басшысы:

– Өткен тәулікте 10 адам құтқарылды. Оның ішінде бір адам Ақтөбе қаласының Белогорка елді мекенінде медициналық көмек керек болғандықтан, біздің дәрігерлер бара алмады. Сол себепті құтқарушылардың күшімен дәрігерлер шақырылған жерге аман-есен жеткізілді. Одан бөлек 2 техника жол тайғақтан жолдан шығып кеткен фактілер тіркелді.

Мұндай ауа райы алдағы тәулікте де жалғасатын болады. Желдің жылдамдығы да ұлғайып, секундына 23 метрге дейін жетуі ықтимал.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Сондай-ақ...