430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда 34 мектепті «жармақ болған» қаскөй хатта 500 мың теңге талап еткен

  • 129
  • UPD: 22:53, 19.03.2021

Бүгін белгісіз біреу алматылық полицейлерді аяғынан тік тұрғызды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаскөй қаладағы 34 мектептің ғимаратына жарылғыш зат қойдым деп хабарлаған. Ол суыт хабарды мектептердің электронды пошталарына жіберген. Қалалық Жедел іздестіру қызметінің өкілдері таңнан бері күдіктіні іздестіріп жатыр.

Елді дүрліктірген хатты алғашқылардың бірі болып көрген №19 мектептің хатшысы екен. Таңертеңмен жұмысқа келіп, электронды поштаны тексерген уақытта есі шығып, абдырап қалады. Ол дереу білім ошағының басшылығына мән-жайды баяндайды. Күдікті түскі үшке дейін 500 мың теңгені көрсетілген нөмірге аудармaсаңдар, мектепті жарып жіберемін деген.

Айымгүл Иманғалиева, №19 мектептің директоры:

– Балаларды мектепке қабылдап жатқан кезде тәрбие ісінің меңгерушісінен апай мектептің электрондық поштасына бір хат келіп тұр. Мазмұнын сіз танысып көресіз бе деді. Оған мектептің хатшысы хабарлаған екен. Мен жүгіріп барып хатты оқыдым. Хаттың мазмұнында «сіздің мектептеріңізде жарылғыш зат қойылған, осы нөмірге ақша жібересіз деп жазған. Мектептің аты көрсетілмеген. Тек қана сіздің мектебіңізде деп жазылған.

Алғашында мұндай хатты сегіз мектеп алған. Біраз уақыттан соң олардың саны 12-ге жетеді. Ал түске таман «жарылғыш зат қойылды» деген жаман ақпаратты 34 білім ошағының директоры естиді.

Оқушылар мен мектеп қызметкерлері түгел қауіпсіз жерге шығарылып, кинологтар барлық ғимаратты тексереді. Абырой болғанда ешқайсысынан жарылғыш зат табылған жоқ. Қаскөй әлі іздестіріліп жатыр.

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

– Ол міндетті түрде ұсталып, ҚК 273-бабының нормасы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл бап бойынша 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі көзделуде. Ал сот өзінің шешімін шығармас бұрын міндетті түрде ауырлататын және жеңілдететін мән-жайларды есепке алады.

Бұл жағдай ең әуелі ата-аналардың зәре-құтын қашырды. Мейрамхана, сауда орталықтарына бомба қойдық деп қоңырау шалған есерсоқтар бұған дейін де болған. Олар лайықты жазасын алған. Ал бір емес, 34 мектепке жарылғыш зат қойдым деп хат жіберу бірінші рет болып отыр дейді полиция қызметкерлері.

Ұлан Нарынбек, Әбен Нарымбаев, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы