Көктайғаққа байланысты автоспорттан Қазақстан чемпионы жүргізушілерге ақыл-кеңесін айтты

Елордада да күн жылып, қар ери бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан жолдар көктайғаққа айналды. Сала мамандары жолда сақ болуды ескертіп жатыр. Әсіресе көлік жүргізушілері жылдамдықты шамадан тыс асырмай, қашықтықты сақтауы тиіс. Автоспорттан Қазақстан чемпионы Денис Аксёнов те, апатты жағдайдың алдын алу амалдарын тілге тиек етіп, көпшілікке ақыл-кеңесін айтты.

Көлік жүргізушілері көктайғақты бағдаршамның қызыл түсі деп қабылдауы керек. Көпшілік алыс жолға шығып, тәуекелге бармауы тиіс. Алайда осының бәріне көз жұма қарайтындар да баршылық. Автоспорттан ел чемпионы Денис Аксеновтың айтуынша, ең қауіптісі – таңғы уақыттағы көктайғақ. Ұйқысы қанбаған және жұмысына асыққан жүргізуші апатты жағдайда сасқалақтап қалады. Осыған байланысты темір тұлпарын игере алмай, арты қайғымен аяқталады.

Денис Аксёнов, автоспорттан Қазақстан чемпионы:

– Соңғы үлгідегі көлік иелері көп жағдайда электрондық көмекші құрылғысының барын айтып, бұрылысты жоғары жылдамдықпен өтіп кетем деп ойлайды. Негізі электрондық стабилизатор жол ережесін өрескел бұзушыларға арналмаған. Жылдамдықты шамадан тыс асырған кезде ешқандай электроника көмектеспейді.

Жолда күрделі жағдайға тап болған кез келген адам әдетте абдырап қалады. Санаулы секундтар ішінде тәжірибелі жүргізушілердің өзі дұрыс шешім қабылдай бермейді. Мәселен, көліктің артқы дөңгелектері сырғып кетсе, инерция кесірінен шанақ шыр айналады. Артынша техниканы басқару қиынға соғады. Мұндай кезде газды баспаған дұрыс дейді Денис.

Денис Аксёнов, автоспорттан Қазақстан чемпионы:

– Кез келген бұрылыста сәл жылдамдық қоссаңыз, көлік сырғи бастайды. Міне, өзіңіз де көрдіңіз. Тепе-теңдікті сақтау үшін темір тұлпарды сезу қажет. Рульді дөңгелектің тайған жағына немесе жол жаққа қарай бұрасыз. Тежегішті де ақырын басуды ұмытпауыңыз керек. Мәселен, көлік алдыңғы жетекті болса, кей жағдайда газды уақтылы басып үлгерген дұрыс. Артқы жетек болғанда газды баспайсыз. Бәріне икем қажет.

Жаз мезгілінде де жолдың беті тайғақ болады. Әсіресе, жауыннан кейін. Осыған байланысты Денис Аксенов дөңгелек шиналарын жыл мезгіліне қарай ауыстырып отыруды ұсынады. Ал тәжірибесін арттырғысы келетіндер елордада арнайы мұз полигонына барып жаттыға алады.

Мирлан Алтынбек, Жандос Сұлтанғазы

Сондай-ақ...