Шымкентте адамдардың неден уланғаны белгілі болды

Экологтар арнайы тексеріс жүргізіп, кәріз жүйесінен бензолдың көп мөлшерін анықтапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оны қаладағы кәсіпорындардың бірі төгіп жіберген болуы мүмкін. Бұл мәселемен қазір құзырлы органдар айналысып жатыр. Ал тәуелсіз сарапшылар айыптыларды анықтау, айтқандай оңай болмайды деп отыр.

Балалар әдеттегідей мектепке барды. Ұстаздар да қамнен-қаперсіз сабақ өтіп жатқан. Кенет оқушылардың да, мұғалімдердің де әл-дәрмені құрып, сең соққандай мең-зең күйге түседі.

Бақытжан Позилов, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Шымкент қаласында орналасқан №37 мектептің аймағында бізге 9:45-те шақырту түсті. Шақыртуға келген кезде мектептің оқушыларында улану белгілері болды. Үш оқушы бізге токсикология бөлімшесіне түсті. Жағдайлары орташа.

Тап сол күні халыққа қызмет көрсету орталығының 13 қызметкері де өздерін жайсыз сезінген. Олар төңіректегі кәріз құдықтарынан жағымсыз иіс шыққанын айтып, шағымданыпты. Кейін әлгі жерге бензол төгілгені анықталды. Әлдемкімдер оны әдейі ағызғанға ұқсайды.      

Серік Сарбасов, қалалық экология департаментінің бөлім басшысы:

– Қалада бас-аяғы 17 адамның уланғаны белгілі болды. Экологтар мұны сондағы кәсіпорын қызметкерлері істеуі мүмкін деп отыр. Жайттың жай-жапсарын анықтауға құзырлы орын өкілдері кірісіп кетті. Бірақ айыптыларды анықтау оңай болмайын деп тұр.

Евгений Лазарчук, волонтёр:

– Қазір кәсіпорындарды бұрынғыдай тексере алмайды. Мораторий жарияланған. Экологтар алдымен комитетке хат жазады. Сосын күдікке ілікккен нысанның қандай субъектіге жататын анықтайды. Қысқасы, шаруасы көп. Мұны кәсіпкерлер жақсы біледі. Сондықтан кейде осындай бассыздыққа барып жатады.

Экологтар мұны жабулы қазан күйінде қалдыруға болмайды деп отыр. Олар экология министрлігіне өз ұсыныстарын жазған екен. Әзірге ведомство тарапынан жауап келмеген.

Дастан Сейілханұлы