Шымкентте «Қазақ радиосы» атты көше пайда болды

Шымкенттің жаңа шағын аудандарындағы 300-ден астам көшеге атау берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ономастикалық комиссияның шешіміне сай бұл көшелерге ат тарихи және табиғи негіздерге сүйене отырып қойылды дейді мамандар.

Арасында ерекше атаулар да бар. 

Шырайлы Шымкенттің картасында енді «Қазақ радиосы» деген көше бар. Иә, ұлттың үнжариясы – ұлттық радиомыздың биыл 100 жылдығы. Осы бір мерейтойға орай Наурыз мерекесі қарсаңында «Қазақ радиосына» осындай сый-құрмет жасалып отыр. Ал көшенің өзі «Бозарық» саяжайында орналасқан.

Әбдіжаппар Сәкен, қалалық мәдениет басқармасының бөлім жетекшісі:

– Қалалық ономастикалық комиссияның ұсынысымен республикалық ономастикалық комиссияның қолдауымен бүгін Шымкент қаласының мәслихаты мен әкімдігінің бірлескен қаулысымен «Қазақ радиосы» көшесі берілді. Барлығына келетін болсақ, 325 атауы жоқ көшеге атау берілді. Осы «Бозарық» саяжайының өзінде 65 көшеге атау берілді. Яғни ол – тарихи жер-су атаулары.

Отандық радиостанцияның құрметіне көше атауын беру идеясы бұған дейін де болған дейді жиналғандар. Бірақ сәті дәл бүгінге түсіп отыр. Салтанатты жиынға еліміздің алтын дауысты ардагер дикторлары да келді. Мәселен, Сауық Жақанованың сыңғырлаған үні «Қазақ радиосының» әуе толқынында жарты ғасырдан астам әуеледі. Оның қайталанбас дауысы әлі күнге дейін халық жадында.

Сауық Жақанова, ҚР еңбек сіңірген әртісі:

– Бізге Қазақстанға «Қазақ радиосына» Левитан қонаққа келгенде, «Қазақ радиосын» тыңдап тұрып, бізге келгеннен кейін айтады: «Мен таң қалдым. Сіздердің сөйлегендеріңіз ән салып тұрғандай» деп.

Шымкентте республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің атындағы көше де бар. Одан бөлек, өңірдің өзіндік ерекшелігі мен жер-су аттарына және жыр-эпостардағы батырлардың құрметіне орай қойылған атаулар да жетерлік.

Дамир Берікұлы, Катерина Попкова, Нұрмахан Мұсатов

Сондай-ақ...