Жамбыл облысындағы Ерназар ауылында су жоқ

Жамбыл ауданындағы Ерназар ауылдық округінің тұрғындары су тапшылығын сезініп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қуаңшылық салдарынан жыл сайын егін алқаптары күйіп, шаруалар шығынға батады. Елді мекен маңында шөп те өспейді. Салдарынан қожалықтар мал азығын көршілес аудандардан сатып алуға мәжбүр. Диқан қауымы қолды бір сілтеп, егіс алқабын қараусыз тастап та кете алмайды. Игерілмеген жерді мемлекеттік қорға алып қояды, оған қоса айыппұл салынады. Ауылдағы ағайын ауызсудың жоқтығына да наразы.

Қайсар Ормахаев жомарт жерді идіріп, нәпақа тауып жүргеніне 10 жылдай болды. Егіншінің айтуынша, алқапты суару мәселесі жылда қайталанады екен. Былтыр 150 гектарға бидай мен жоңышқа дәнін сепкен шаруа шығынға батқанын айтады. 

Қайсар Ормахаев, Ерназар ауылының тұрғыны:

– 1 келі арпа жазда 45-50 теңге болады. Ал жанармайды 190 теңге сатып аламыз. Оған тасымалды қосыңыз. Сондықтан біз шығынға батамыз. Егер бұл жерден су өтпесе, экологиялық мәселе қатты көтеріледі. Шаң-топалаң болады. Құдығымыздан 20 метрге дейін су төменге қарай кетіп қалды.

Ерназар ауылының тұрғындары егіншілікпен амалдың жоқтығынан айналысамыз дейді. Топыраққа түрен салмасақ, жерімізден айырылып қаламыз деп қорқады. Бірнеше адамның алқабы мемлекеттік қорға өтіп кеткен. Сондықтан көзді жұмып, тәуекелге баруға тура келеді дейді шаруалар.

Бейсен Әлімбеков, Ерназар ауылының тұрғыны:

– Мен ұрықтың келісін Жуалыдан 100 теңгеге әкелдім. 20 гектарға 4 тонна ұрық кетеді. 20 гектарға есептегенде 535 мың теңге жерге кетеді, 4 тонна тұқымға 400 мың теңге, барлығы 1 млн теңге ақша кетеді. Оны қайтып біз ала алмаймыз. Былтыр алғаным 3-ақ тонна алдым. 

Жамбыл облысында суармалы алқаптарға тіршілік нәрі Асаталас жүйесі арқылы жеткізіледі. Ал Ерназар ауылына Базарбай, Ер 4 және Шиелі арналары арқылы келеді. Соңғысы кеңестік дәуірден ері қараусыз қалған. Арналардың барлығы көмілуге жақын, сондықтан гидромамандар темір-бетон өткізгіштер орнатылуы керек екендігін айтады. Арналарға мол су келуі үшін қазір 19 шақырымдық Айтақ магистральді канал жаңғыртылып жатыр. 

Есенбек Қалдыбеков, «Қазсушар» РМК филиалы «Аса» өндірістік бөлімше басшысы:

– Осы сәуір айында құрылыс жұмыстары біту керек еді. Алайда өкінішке орай бүгінгі таңға әлі бітпей жатыр. Былтырда су бере алмағанбыз. Биыл да құрылыс жұмыстары бітпегенше, біз су бере алмаймыз. Келесі жылы бітсе, сумен қамтамасыз етеміз.

Биыл көктемде шаруалар суды күтпей-ақ қойса болады. Өйткені каналды жаңғырту жұмыстары өте баяу жүріп жатыр. «Қазсушар» өкілдері оған мердігер мекеме кінәлі деп отыр. Мамандардың болжамынша, егіс алқабына су тек күзде жеткізіледі. Ауызсуға да жарымай жүрген ауылдықтар таңғы 9 бен кешкі 6-да құбыр аңдып отырады. Оның өзінде орталық көшедегі колонкаларда ғана аққандықтан, 320 отбасы тұратын ауылдың жартысы ғана сумен қамтылған. 

Нұрлан Несіпбеков, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:

– 2004 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында құбырлар жөнделген болатын. Бірақ ол жерде жалпы ауыл көлеміндегі ауызсу құбырларын ауыстырған да су қоймалары базасын істемеген. Аудан көлеміндегі ауызсудың бәрін бітіргесін Ерназал ауылына да жаңа жоба істейміз. Сол ауыл толық ауызсумен қамтылатын болады.

Жалпы Жамбыл ауданының 71% ауызсумен қамтылған. Елді мекендерге кезең-кезеңмен құбыр тартылып келе жатыр. Жоспар бойынша Ерназар ауылының үйлері толық ауызсумен 2025 жылы қамтылады екен. Егіс алқаптарын суару мәселесін дүркін-дүркін көтерген ауылдықтар енді ел Президентінен көмек сұрамақ. Әзірге өтінім хатты облыс әкіміне жолдап үлгерген.  

Қамбар Бекенов, Анастасия Сулейманова, Тимур Сейлхан, Руслан Ахатилла