Қарашығанақ кенішінде жаңа жоба сәтті жүзеге асты

«Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в» компаниясы Қарашығанақ кен орнындағы газ бойынша өндірістік шектеулерді алу жобасының сәтті аяқталғанын хабарлады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның нәтижесінде сұйық көмірсутектерді өндіру мерзімі ұзартылып отыр. Жобаны жүзеге асыру барысында қауіпсіздік пен шығындардың тиімділігіне қатысты барлық стандарт сақталды. Өндірістік нысандардың ашылуына «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясының Бас директоры, Батыс Қазақстан облысының әкімі және «ҚазМұнайгаз» басшылары қатысты.

Сәтті аяқталған газ бойынша өндірістік шектеулерді алу жобасы Қарашығанақ кен орнын келешекте игерудегі маңызды жетістік дейді КПО компаниясының басшылары. Пандемияға байланысты жеткізудегі кедергілер мен сапарларды шектеуге қарамастан барлық жұмыс жоспарланған мерзімде аяқталып отыр.

Эдвин Блом, КПО Б.В. компаниясының бас директоры:

– Бұл жоба – қауіпсіздіктің жоғары стандарттарын сақтау. Оны экономикалық тиімді және мерзімінен бұрын аяқтау әрі бұл саладағы стандарттарды жоғары сатыға көтердік. Төртінші компрессор мен Қарашығанақты кеңейту сияқты болашақта аяқталатын жобалар кен орнында сұйық көмірсутектер өндіру мерзімін арттыру үшін қажет.   

Ғали Есқалиев, БҚО әкімі:

– Қазіргі көмірсутектердің көлемін осы деңгейде ұстап тұру үшін осындай инвестиция салынды. Компания КПО-ның өзінде 4 мыңға жуық қосалқы компаниялармен бірге 16 мыңға жуық адам осы жерде жұмыс жасайды. Әрине, әрқайсысының артында отбасы бар.

Бүгінге дейін КПО консорциумы Қарашығанақ кен орнын игеруге 27 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция салды. Соның ішінде  8 миллиард АҚШ доллары жергілікті тауарлар мен қызметтерге жұмсалды. Ал газ бойынша өндірістік шектеулерді алу жобасының жергілікті қамту үлесі – 57 процент.

Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов