Алматыдағы Назарбаев даңғылын ұзарту жоспарда жоқ

Алматыдағы Назарбаев даңғылын оңтүстік бағытқа қарай ұзарту алдағы бірнеше жылда жоспарда жоқ. Құрылыс жұмыстары туралы дауға Алматы әкімдігі осылай жауап берді. Даңғылды Әл-Фарабиден жоғары, тауға қарай созуға қоғам белсенділері қарсы шыққан еді. Олар бұл жоба қала экологиясына зиян келтіретінін айтады.

Алты шақырым болатын Назарбаев даңғылы әзірге ұзартылмайтын болды. Бұл туралы бүгін қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы айтты. Бас сәулетшінің мәліметінше, Назарбаев даңғылын тауға қарай созу қаланың бас жоспарында қарастырылған. Алайда жоба алдағы 10 жылда жүзеге асырылмайды.

Алмасхан Ахмеджанов, қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы:

- Бас жоспарда ол көрсетілген жол болады, деген. Бірақ ол болашаққа, 10 жыл бола ма, 15 жыл бола ма әлі белгісіз. Енді бәрі қазір жобаға байланысты болады. Мысалы, жоба қымбаттау келсе онда оны ең бірінші арзандау жерлері соғылады. Одан кейін болашақта көреміз. Бірақ, жақын уақытта 10 жыл ішінде осы жол соғылады дегенді айта алмаймыз.

Аталған мәселені көтеріп, құрылысқа қарсы шыққан қоғам белсенділері бұл жобаның мүлдем тиімсіз екенін айтып отыр. Себебі тау бөктерінде көлік нөпірі көбейіп, кептелістер күшейеді. Ал ол онсыз да мәз емес қала экологиясына кері әсер етеді дейді.

Әсет Наурызбаев, қоғам белсендісі:

- Тауылы аймақтардағы жолдарды кеңейту үшін үлкен құрылыс жұмыстарын жүргізудің қажеті жоқ. Онсыз да таулы аймақтар жеке үйлермен басқа да нысандарға толып тұр. Осының кесірінен ауа күннен күнге ластанып барады. Оның орнына жасыл желектерді көбейту керек. Таулы аймақтардағы құрылысқа тыйым салу қажет.

Белсенділердің айтуынша, жоба қолға алынса 586 ағаш кесіледі екен. Бұл қала экологиясы үшін үлкен шығын. Бас жоспар бойынша Назарбаев даңғылы 2,5 шақырымға созылып, Достық даңғылына қосылмақ.

Басқарма басшысының айтуынша, бұл жоба біріншіден қомақты қаражатты талап етеді. Ол әлі бюджетте қарастырылмаған. Сондықтан мәселенің нүктесі қойылды деу әлі ерте. 

Авторлар: Аршын Кемелжан, Нұрдәулет Жақсыбаев