Нұр-Сұлтан қаласының полициясы жүргізушілерге жолда абай болуын ескертті

Елордада көктайғақ. Себебі кеше еріген қар қайта қатып, көшеге шыққан ел сырғанап жүр. Сол себепті абай болыңыздар. Түннен бері бірнеше жол-көлік оқиғасы тіркелді. Тайып құлап, жарақат алғандар да бар.

Таңнан қала іші көктайғақ, жаяу жүргіншілер мен жүргізушілер әбден титықтады. Ал тежегішін игере алмай, бүрсіз доңғалақтың кесірінен апатқа ұшырап жатқан көліктер өз алдына. Жүргіншілердің табанымен тапталып, көк мұзға айналған аялдама алдында көлікке ілігем деп ұмтылып, оңбай құлап ондалап жатқанды да көрдік. Қаланың ішінде жол көлік оқиғасына ұшыраған көліктер көп. Өткен тәулікте 87 жол-көлік оқиғасы тіркелді. 

Бұл видеода Тілендиев даңғылы бойында маршруттық автобустың жүргізушісі рульді басқара алмай, жеңіл автокөлікпен және үлкен жүк көлігімен соқтығысқан. Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеді. Автобус жүргізушісіне медициналық көмек қажет болған.

- Көлікке қатты зақым келген жоқ. Бірақ жол өте тайғанақ екен. Мына тұрған жол белгісіне соқтым. Қайта көшеде басқа автокөліктер болған жоқ. Мұздан сырғанап оларға соғушы едім. 102-ге хабарластым полицейлерді күтіп отырмын.

Үлкен тас жолдарда да осы көрініс. Жол бойында көліктер кептелісі көп. Трасса жиегіне шығып кеткен автокөліктер де бар. Қазір құтқару қызметтері сақадай сай жұмыс істеп жатыр. Дегенмен, елорда ішіндегі көшелерге құм, тұз себуге тиісті мекемелер асықпайтын секілді.

Қаладағы травмотологиялық ауруханаға жүгінгендер де бар. Көпшілігі мұзда тайып құлап жарақат алған. Полиция департаменті жүргізушілерді қозғалыс кезінде абай болуды, жылдамдық режимі мен қауіпсіз қашықтықты мүлтіксіз сақтауды сұрайды.

Автор: Гүлзия Нақыпқызы