Қорғаныс министрі бітімгерлермен кездесті

Қорғаныс ведомствосының басшысы Алматы және Жамбыл облыстарына жұмыс сапарымен барды.

Генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев Тілендиев кентіндегі бітімгершілік даярлық оқу-жаттығуы орталығында кезекті бітімгерлер контингенті құрамында Ливанға кетіп бара жатқан әскери қызметшілермен кездесті. 

Қорғаныс министрі жауынгерлерге арнаған сөзінде Қазақстанның қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму саласындағы сенімді әріптес ретінде алатын орнын нығайту үшін әскери қызметшілеріміздің бітімгершілік миссияларға қатысуының маңызды екенін атап өтті. 

– Бүгін сіздер үшін де, жалпы Қарулы Күштер үшін де ерекше күн. Ұзақ дайындық пен мұқият іріктеуден кейін сіздер миссияны орындау үшін үлкен жолға аттанасыздар. Миссия мол тәжірибе жинақтап, жауынгерлік әлеуетті нығайтуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев. 

Қорғаныс ведомствосының басшысы бітімгерлерге жауынгерлік жолдастықты жоғары қоя отырып, бір-біріне қолдау көрсетумен миссияны сәтті орындап, үйлеріне аман-есен оралуына тілектестік білдірді. 

Қазақстанның Ливандағы бітімгершілік миссиясы 2018 жылы қазан айында басталғаны естеріңізде болар. Қазіргі уақытта онда Үндістан батальонының құрамында төртінші қазақстандық бітімгершілік рота миссиясын аяқтауда.

Қорғаныс министрі жұмыс сапары барысында Алматы және Гвардейск гарнизондарының әскери бөлімдерін аралауды жоспарлауда.