ШҚО-да жаңа туған нәрестелерге ұлттық нақыштағы киім тарту етілді

Наурыз мерекесі қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы перзентханаларының бірінде жаңа туған нәрестелерге қазақтың ұлттық киімдері тарту етілді, деп хабарлайды Altaynews.kz.

ШҚО ақпарат орталығының мәліметі бойынша Аягөз ауданаралық ауруханасында Наурыз мерекесіне орай жаңа туған сәбилерге ұлттық нақышта тігілген киімдер тарту етілді. Ал аналарына Наурыз көже таратылды.

Аталмыш перзентханада 16 наурыз күні 5 сәби дүние есігін ашыпты. 2 бала Үржар ауданынан болса, 3-еуі Аягөздікі.

«Аягөз аудандық ауруханасында екінші сәбиімді өмірге әкелдім. Бүгін ауруханадан шығатын кезде дәрігерлер қазақтың ұлттық киімдерін киіп келіп, сәбиіме қазақи нақыштағы киімді сыйлады», - дейді жас ана Саяжан Сәрсенғали.

Балаларға арналған киім санитарлық талаптарға толықтай сай. Сыйлықтар мереке күндері босанған барлық әйелдерге берілетін болады.